Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі
Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында мектеп директорларының секция отырысы өтті.
Секция отырысына Қызылорда қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры С.Камалова, мектеп директорлары мен білім бөлімінің мамандары қатысты. Секцияны аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков ашып, басқосу білім беру саласының маңызды мәселелерін талқылап, мәнін ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазіргі уақытта мектеп реформасына көптеген өзгерістер енгізіліп, мектеп ісінің ішкі-сыртқы жүйесі түгел жаңаруда. Біз бүгінгі күні әлемдік білім беру жүйесіне негізделген басым бағыттарды ұстануда ең алдымен мұғалімдерді жаңаша оқытуға бағыттауымыз қажет. Басқару жүйесінде әдіснамалық жұмыс білім қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін көтерудің және оқу-тәрбие жұмысын басқарудың негізгі құралы болып табылады. Адами қасиеттерді дамыту, бала бойына сіңіру мен қалыптастыруда мұғалімнің алатын орны ерекше десек, мектеп басшылары мұғалімнің қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін кәсіптік мәртебесі және әлеуметтік беделіне, шығармашылығына көңіл бөлу керек, – деді бөлім басшысы.
Секциялық отырыста Қызылорда қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының директоры София Камалова «Білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби дамуын басқару» тақырыбында хабарлама жасады.
Филиал директоры педагогтардың біліктілігін арттыру не үшін қажет сұрағы аясында пікір білдірді.
Сондай-ақ, «2021-2022 жаңа оқу жылында орта білім беру ұйымдарындағы оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбымен әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Ж.Төреқұлова хабарлама жасады. Кабинет меңгерушісі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы ұсынған Әдістемелік нұсқау хат жайлы түсіндірді.
Білім бөлімінің басшысы тиімді идеяларға қол жеткізу мақсатында мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, педагогикалық тәжірибелерді тарату, біріккен ақпараттық орта қалыптастыру арқылы желілік қоғамдастық арқылы басқа мектептермен әдістемелік байланыс орнатылғанын айтты.
Ауданда 5 инновациялық білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Осы мектептер «жетекші мектептер» ретінде айқындалып, оларға 12 «магниттік мектептер» бекітілді. Осыған орай «Жетекші мектептегі стратегиялық менеджментті жетілдіру жолдары» тақырыбында №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің директоры Ж.Назаров хабарлама жасады. Ал №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің директоры З.Жаманқұлов «Тыңда. Үйрен. Мұғалімге сиқыр жасауды үйрет» тақырыбында баяндады. Мұнан бөлек №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің директоры Б.Бақбергенова «Білім берудегі инновация: Ізденіс және нәтиже» тақырыбын саралады.
Жиынды қорытындылаған білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салған басқосуда еркін ой бөлісілгенін айтты.
– Мектепті басқаруда басшыларға және мұғалімдерге басқару әдебін, педагогикалық менеджмент қағидаларын, қарым-қатынас өнерінің психологиялық негіздерін жетілдіріп, оң шешім қабылдауға, қызметті ішкі мотивация негізінде ұйымдастыруға баулу мазмұнында жаңа сипаттар керек. Педагогикалық жүйенің үнемі қозғалыста, үнемі даму үстінде болуы оқу-тәрбие жұмысында мақсат қою мен жоспарлауды жетілдіріп отыруды қажет етеді. Әрине, мұғалімдердің бойында белгілі бір қасиеттің қалыптасуын дәл белгілеу, жоспарлау мүмкін емес. Ал жоспарлау жеке тұлғаның барынша және жан жақты дамуына қолайлы объективті жағдай туғызуы тиіс.Ұжымда әдістемелік жұмыстардың мазмұнын, жоспарын, іс-шараларды жүргізу әдістерінің тиімділігін үнемі талдап отыру, әдістемелік көмек көрсету жұмысын әрі қарай жақсартуға және оны дамытуға мүмкіндік береді, – деді бөлім басшысы.
Сырдария аудандық білім бөлімі