Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағдаршам орнатылды

Бағдаршам орнатылды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпсіздікті сақтауда бағдар­шамның қызметі зор. Түрлі түстер арқылы бағытты айқындайтын бағдаршам арқылы көлік қатынасы реттеліп, тұрғындар қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Әсіресе, үлкен күре жолдарға бағдаршамның орнатылуы жылдамдықты шектен асырып, қауіп төндірудің алдын алады.

Аудан орталығы саналатын Терең­өзек кентінен облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолы өтеді. Бұл жолдың сапасы соңғы 2-3 жылдың көлемінде айтарлықтай жақсарды. Бұрынғыдай ой-шұқырлар жоқ, жаңадан асфальт төселіп, теп-тегіс жол салынды. Енді осы жолда көліктер жылдамдықты асырмай, қауіпсіздікті сақтауы тиіс. Оның ішінде, Тереңөзек кентіне кіреберіс тұста жол-көлік қозға­лысының қауіптілігі жоғары. Осыған байланыс­ты оқыс оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың өтініш­терін орындау мақсатында демеушілік есебінен облыстық маңызы бар «Қызыл­орда-Жалағаш» автомобиль жолы­на бағ­­даршам орнату бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірленген. Бұған аудандық полиция бөлімі тарапынан ұсыныс жасалған. Аталған ұсыныс аудан әкімдігі тарапынан қолдау та­уып, автожолдың Тереңөзек кенті және Шаған ауылы бағытындағы қиылысқа қосымша оң жақты бұрылыспен қамтамасыз етілген бағдаршам орнатылды.

Бағдаршам құрылғысы орнату бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде, мердігер мекеме анықталып, бағдаршам орнату жүмыстары жүргізілді. Ал қыркүйек айының екінші онкүндігінде бағдаршам құрылғысы іске қосылып, пайдалануға берілді.

Қиылыс жолға бағдаршамның орна­тылғанына көп­шілік қолдау танытуда.

– Осы жолмен күні-түнімен көлік қатынайды. Кейде елді мекен тұсынан көліктердің жылдамдықты асырып, жүйт­кіп бара жатқанын көресің. Оның кент тұрғындары үшін, осы бағыттағы көлік тізгіндегендер үшін қауіпті екені белгілі. Осылардың алдын алып, болдырмау мақсатында аудан орталығына кіреберістегі қиы­лысқа бағ­дар­шамның орнатылғаны жөн болды. Енді жүйткіген көліктер осы жол реттеуіш арқылы жылдамдықты асырмайды деп ойлаймын. Жолда сақ болған жөн, – дейді кент тұрғыны Н.Ермашев.

Жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағы­тында ор­натылған бағдаршам қауіп­­сіздікті қамтамасыз етпек. Осы ретте, көлік тізгіндегендер тәртіпке бағы­нып, жол ережесін қатаң сақтағаны абзал. Ал оған көнбегендер тиісті заңдылықтарға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын білгендері абзал.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
20 қыркүйек 2022 ж. 601 0