Аралас неке: шынайы махаббат көрінісі ме, әлде…
Кешкілік жұмыстан шыққан соң, үйдің маңындағы супермаркетке бас сұққанмын. Кассаға кезекте тұр едік, алдымда тұрған жігіт ағасы жасы төрт-бестердегі кішкентай қызына қарап, ағылшынша сөйледі. Жалт қараған қыз — көзі мойылдай, шашы бұйра-бұйра, өңі де өзге. Таңданысымды байқатқым келмегенімен, көп сауал көкейімде қалды. Есік алдына шықсам, олар көлік күтіп тұр екен.
– Қызыңыз ба? — дедім қазақша.
– Иә,-деп күлді ол. -Таңданып тұрған шығарсыз, үлкен қызым анасына тартқан, ұлым өзімнің аузымнан түскендей. Алматыда тұрғанымызда, бізге ешкім қызығушылық танытпаушы еді. Іссапармен Атырауға келіп едік, жергілікті тұрғындардың бізге аңтарылып қарайтынын байқап жүрміз. Құдды музей экспонаттары секілдіміз, — деген Талғат есімді азаматпен арамыздағы әңгімені жанымызға келіп тоқтаған көлік бұзып жіберді. Есік ашылып, ішінен кішкентай бөбек әкесіне қарай қолын созды. Расымен де, ұлының түрі – нағыз қазақ!
Жалпы, аралас неке жайлы пікір екіге жарылады. Бірі – махаббатқа жарыңның өзге ұлт болғаны да кедергі келтіре алмайды десе, екіншісі – қан тазалығы жойылады немесе халықтың жұтылуының бір жолы деп үзілді-кесілді қарсылық танытады.
Қалай десек те, Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Сондықтан, бізде аралас некенің болуы – заңды құбылыс. Статистикаға жүгінер болсақ, жыл сайын жүз мыңнан астам жұптың некесі тіркелсе, оның ішінде жиырма мыңы – аралас неке. Осы мәселеге қатысты ұлт жанашырлары, қоғам қайраткерлері қанша мәрте дабыл қақса да, жағдай түбегейлі өзгерер емес.
Мәселен, АХАЖ бөлімінің берген мәліметі бойынша, былтыр 3238 неке тіркелсе, соның 123-і – шетелдіктермен құрылған отау. Аталмыш мекеменің бас маманы Алмагүл Төремұратованың айтуынша, бұл бағыттағы нақты есеп жүргізілмесе де, көп ретте қазақтарға Өзбекстан, Қарақалпақстан елінің азаматшалары келін болады екен. Ал, қыздарымыз түрік, ағылшын, орыс, өзбек, украиндерге тұрмысқа шығады.
Халқымыз ықылым заманнан бері өзге ұлттан келін түсірген. Шапқыншылық кездерінде жеңіліс тапқан жақтың қыздарын тұтқынға алып кету үрдісі белең алғаны белгілі. Ал, оның бер жағында қазақ зиялыларының өзбек, татардың сауатты бойжеткендерімен бас қосқаны да тарихтың бір бөлшегіне айналып кетті. Кейін осы жандар халқымызға сіңіп, жаны да қазақ болып кеткен. Кез келген аймақта мұндай оқиғалар кездесері ақиқат. Алайда, аядай ғана ауылда әлгі адамның ұлты өзге екенін ұмытып кеттік дейтіндер жетіп артылады. Салтты да сақтап, отбасын да ұйытып отырған осындай аналар қаншама! Ендеше кейінгі кезде аталмыш мәселенің өзекті болуының себебі неде?
«Талай ұлттардың аралас некеден туған балалары өзара қақтығыс кезінде ұлтын сатып кетіп жатқанын тарихтан да, күнделікті өмірден де көріп жүрміз. 70-жылдардан бастап Қытайда бала шектеу бағдарламасы жүріп, Қытай отбасына бір бала, қытай емеске екі бала деген саясат енді. Сөйтіп, олар бір баланың ер бала болғанын қалады. Осылайша оларда ер балалар саны көбейді. Енді оларға қыздарды қайдан табады? Әрине, Қазақстан дейтін ел бар. Қазақстанда қыз көп». Белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның айтуынша, мәселенің бір шеті осында жатқан сыңайлы. Расында да, ресми емес деректер бойынша қазақ қыздарына құмар ұлттың көшбасында қытайлықтар тұр екен. Тіпті, қайсыбір жылы осы мәселе әбден ушығып, ел ереуілге де шыққан болатын. Яғни, есімі белгісіз бір агенттік «қытайдың қалталылары қазақ қыздарын іздейді» деген жарнамасы үшін басы дауға қалмады ма?
«Өзге ұлттардың қазақ қыздарына құда түсуге құмар болуларының бірден-бір себебі – қазақ қанының таза болуында жатса керек. Ер азамат өзге ұлттан жар таңдаса, оның баласы үшін аса көп алаңдамауға болады. Ал, қыздарымыз өзге ұлттың жары атанса, әңгіме басқаша. Бірақ, бұл жерде қыздарымызды ғана кінәлауға болмайды, бұл – ұлттық идеология мен отбасындағы тәрбиеден кеткен қателік. Ол қауіптен біз жанжал арқылы емес, үйдегі тәрбие, қазақы ұстаныммен ғана құтыла аламыз. Таяуда ағайындарымыздың қызына Италиядан құдалар келді. Барынша салттарымызды сақтауға тырысқандарымен, ұлтаралық жіктің бар екені анық байқалып тұрды. Сол қуанышқа жиналған бәріміз кино не концерт көргендей, құдаларды қызықтаумен жүрдік. Басқосудың тамаша өткеніне қарамастан, қыздың анасының көңілі қаяу болғанын да байқап тұрдық. «Қайтейін, өз қолымды өзім кесем бе, жасы отыздан асып, оң-солын таныған шақта тапқаны осы болды. Амал жоқ, келісім бердік, ендігі арманым – қызымның бағы ашылса екен» деді ол бізбен әңгімесінде. Қалай болғанда да, ата-ананың басты арманы – балаларын аяқтандырып, теңіне қосу. Ал, ұлы өзге ұлтты келін қылып, қызы өзге ұлттың етегінен ұстаймын десе, ата-ана үшін ауыр соққы болары сөзсіз, — дейді еңбек ардагері, зейнеткер Нұрғайша Мәдиқызы.
Қалай десек те, бұл мәселе ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әр отбасы үшін бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Аралас некеге барудың себептері де сан алуан. Бірі жалынды махаббат десе, енді бірі материалдық жағдайын түзеу үшін барған бақай есептің бірі екенін айтады.
Біз айтуға тырыстық. Тыңдау да, таңдау да өз еркіңізде, ендеше. Қазақ пен қазақ бас қосқан бақытты отбасыны көрудің өзі – бір бақыт!
Қайрат, 41 жаста: Болашақ жарымды тойда кездестірдім. Қазақша мың бұрала билеген ару алғашқы көргеннен-ақ, жүрегімді жаулап алды. Оның өзге ұлттан екенін кейін білгеніммен, жүрегімнен өшіре алмадым. Ақыры, той өткізген туыстарымыздан асабаның, асаба арқылы биші қыздың телефонын алдым. Көңіліміз жарасып, ұзақ уақыт бірге жүрсек те, екеуміз де үй ішімізге айта алмадық. Уақыт өте келе, екіжақты нақты шешімге тоқталған соң ғана ата-аналарымызға айттық. Алғашқыда, қарсылықтарын тіке айтпаса да, біраз уақыт үндемей, тіпті менімен сөйлеспей жүрді. Сезімдерімізді сынап көрсе керек, бір жылға жуық уақыт өткенде «үйге алып келіп, таныстыр» деп, баталарын берді.
Қазір орыс қызы Оляның біздің шаңырақтың инабатты да ибалы келіні болғанына, міне, 15 жылға таяп қалды. Бастапқы жылдары қиыншылықтар болғаны белгілі. Әсіресе, дін, салт турасында қайшылықтар орын алғаны айтпаса да анық. Алайда, ата-анамыздың арқасында біз ол сатыдан тез өтіп кеткен сыңайлымыз. Бүгінгі күні менің жарым әулеттің үлкен келіні ретінде кейінгі жастарға үлгі болып, табақ тартып, шәй құю, қонақ күту секілді жоралғыларды жас келіндерге түсіндіретін шаққа жетті.
Айжан, 33 жаста: Жас күнімде өзімді өзге ұлттың жары ретінде тіптен елестете алмаушы едім. Алайда, жастық жалын махаббатымның баянсыз болғаны, таңдаған жігітімнің мені алдап келгені жүрегіме жара салып, жалпы жігіттерге деген сенімімді сөндірді. Сөйтіп, өмірімді толықтай жұмысыма арнадым. Шетелдік компанияда қызмет етіп жүрген кезім болатын. Стивты тек әріптес ретінде ғана қабылдаушы едім. Әрі арамыздағы 15 жас айырмашылығы да екеуаралық сезімнің болмайтындығының бір белгісіндей-ді. Алайда, жақын араласа келе, махаббат пен шынайы сезімге ешнәрсе кедергі бола алмайтынына көзіміз жетті.
Қазір біз АҚШ-та тұрамыз. Магистратурада оқып жүрмін. Оған қоса, әлем аралап, мейрамхана бизнесінің қыр-сырын меңгерудемін. Әрине, елді сағынамын. Анамды қонаққа шақырып, бірге қыдырамыз. Алайда, бұл таңдауыма еш өкінбеймін.
Гүлжан ӘМІРОВА
«Атырау» газеті