Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025: АНА ТІЛІМІЗ БАҒЫНДЫРАР АЙҚЫН БЕЛЕС

2025: АНА ТІЛІМІЗ БАҒЫНДЫРАР АЙҚЫН БЕЛЕС


Бүгінде әлем халқының саны 8 миллиардқа жуықтағаны айдан-анық. Дүние жүзінің әр қиырында орналасқан мемлекеттерде нәсілі бөлек, ұлты басқа, тілі мен діні, салт-дәстүрі, өмір сүру менталитеті өзгеше адамдар тіршілік етіп жатыр. Бірінің тәуелсіздігі дербес қалыптасқан, көш ілгері қарыштап дамыған держевалар болса, кейбірі шағын тайпалардан, кішігірім дамушы мемлекеттен құралғаны мәлім. Адамзат алға қарай қадам жасарда өткеніне көз жүгіртіп, ата-бабалары ашқан жаңалықтарды оны жетілдіруге, зерттеуге ұмтылады. Солардың тәжірибесін негізге ала отырып, дербес мемлекеттік реформасын жасап шығарады.

Жер шарында сан түрлі ұлттар өмір сүреді десек, оларды тығыз байланыстыратын не нәрсе? Әрине, алыс-беріс, саяси уағдаластық, өзара ынтамақтастық, озық тәжірибелерді жүзеге асыру, мәдениет пен спорттың, ұлттық құндылықтардың өзара қарым-қатынасқа енуі, ұлттар достығының жандануы зор құбылыс. Бұдан бөлек екі тарапты жақындастыратын бірден-бір құрал әр халықтың тілдері екендігі айтпаса да түсінікті. Жалпы алғанда қазіргі уақытта дүниежүзінде қанша тіл бар екенін көпшілік нақты біле бермейміз. Дегенмен француздар 6551 тіл бар деген ақпаратты айтатын болса, кейбір деректерде 8500-дей тіл бар дегенге ұйысады. Ал, диалектілерді қосып есептегенде 20 мыңнан асып кетеді делінген. Оның ішінде әлемде 116 мемлекеттік тіл қалыптасқаны айтылады. Олардың қатарында ана тіліміздің бары қуантады. Қазақ тілі өзінің әуездігі мен сөз құнарлығы жарасымды. Әдеби сөздік қорымыз басқаларға қарағанда мән-мағынасымен дараланады. Бұрынғы кірме сөздерден арылып, кириллица құрсауынан босап шығуға нақ бүгінгі күні айқын реформа жүзеге асуда. Кезінде ұлт жанашырлары аңсаған тіл мәдениетінің сақталуы латын қарпіне көшу арқылы өз құндылығын жоғалтпайды.
Латын әліпбиінің жетекші орын алуына планета тұрғындарының 4 млрд-қа жуығы қолданатындығы дәлел. 149 мемлекет латын әріптерімен жазатындығын да айта кеткеніміз жөн. Олардың қатарына қосылуға елімізде мүдделі. Өйткені, әлемнің 42 мемлекетінде тұратын қазақтардың басын біріктіруде айрықша рөлге ие. Ең алғаш қазақ тілін өткен ғасырдың шеңберінде латын қарпіне көшіруге Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қайраткерлері мұрындық болғандығы тарихтан белгілі. Әліпби, емле және оны реформалауға қазақ оқымыстыларының арасындағы пікірталас алғашқыда «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Жаршы», «Жаңа мектеп» газеттерінде де көрініс тауып, баспасөз төңірегіне ұйыса бастайды. Халықтың санасын жаңа әліпбимен сауаттандырып, өз төл дыбыстарымыздың, жазу үлгіміздің сақталуына күш жұмсайды. Бірақ қазақ зиялыларының латын әрпіне қатысты бастамасы аздаған жылға созылып, кириллицаға ауысуға тура келген. Ал, алпауыт Кеңес өкіметі бұғауынан шығып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Мемлекет басшысы ана тілімізді латын әліпбиіне көшіру идеясын тоқсаншы жылдың басында айтқан болатын. Тың идея жиырма жылдан аса уақытта қоғам арасында талқыға түсіп, нақ бүгінгі дәрежеге жетті. Сондықтанда Елбасы Н.Назарбаев былтырғы жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латынға көшуді Үкіметке тапсырды.
Осылайша латын қарпіне көшу идеясы қолға алынып, айналдырған бір жыл ішінде қоғамның қызу талқысына түсіп, кемшіліктер мен артықшылықтар жан-жақты зерттелуде. Қазақ тілінің мамандары, сөз өнерінің нақ шеберлері ұлтты ұйыстыратын бастаманы зерделеп, тиімділігін қарастыруда. Әрине, 2025 жылға дейін мемлекетіміз латын әліпбиіне көшіп, ана тіліміздің жаңа дәуірінің қақпасын ашады. Шұбарланған жазулар мен қазақтың төл дыбысына еніп кеткен кірме сөздер өміршеңдігінен айырылады. Тіл білімінің ғалымдары әрбір сөздің жазылуы мен айтылуын бұзбауға шақырады. Дыбыс үндестігін, тіліміздің қоңыр үнділігін жоғалтпас үшін латын әліпбиінің төл әріптерімізге орайласуын басты орынға қояды. Қазақ тіл ғылымындағы толассыз еңбектер ескеріліп, егжей-тегжей өзгермейтін қағидаттар сақталады. Әліпбидің қарапайым халыққа түсінікті нұсқасы мамандар тарапынан өзгерістерге ұшырап, жаңа үлгі қолданысқа енді. Әйтседе, қазіргі пайдаланып жүрген әліпби соңғы нұсқа деуге де болмайды. Әлі талай ғалымдардың зерттеуіне түсіп, нағыз қазақ тіліне жатық әліпби үлгісі жарыққа шығатынына сенім мол.
Ендігі кезекте әлемнің 149 мемлекеті қабылдаған латын әліпбиінің тиімділігіне көз жүгірту мақсатымыз. Жаттанды пікірлерден басқа, нақты дәлелді фактілерге жүгінуге талпынған абзал. Біріншіден, қазақ тілі қолданылатын түрлі сфераларда қазақ тілді емес мамандар үшін мемлекеттік қызметте, әдеби, ауыз екі тілдік, мамандандырылған белгілі бір салалардағы қазақ тілін үйрену айтарлықтай жеңілдейді. Бұл мәселеде маңыздылығы мемлекеттік қызметте ана тіліміздің маңыздылығын арттыру. Өйткені, мемлекеттік қызметке орналаспас бұрын аттестациядан өтерде 100 пайыз қазақ тілді жетік меңгерген азаматарды өткізеді. Келешек сапалы қызмет түрлерін көрсетуде қазақ тілінің мәртебесі жоғарылайды. Екіншіден, Отандық ноу-хауды әлемдік инновациялық нарыққа ендіру барысында білімге қол жеткізу уақытын үнемдейді. Бұл дегеніміз бәсекеге қабілетті озық мемлекеттерге біздегі тың жаңалықтарды еркін таныстыру. Түрлі саланы дамытуда шетелдіктермен иық теңестіру және жұрт білмейтін таңсық дүниелерді жарыққа шығару болып табылады. Үшіншіден, серпінді технологиялардың жаңа дәуірін қалыптастыру. Латын әліпбиінің тағы бір артықшылығы нано, космос, жасанды интеллект саласымен қатар бизнес және ғылыми орта идеяларының алмасуы және оларды жылжытуды жеделдетеді. Төртіншіден, түрік әлемімен бірігу, шетелдердегі қазақ диаспораларымен байланыстың нығаюына себепші болатыны хақ. Бұл орайда түркі халықтары ортақ мұраларын зерттеуде шетелдік аренаға шығару маңызды фактор. Латын әліпбиінің негізінде түркі жұртшылығы мәңгі өлмейтін құндылықтарымызды қайта жаңғыртса, нұр үстіне нұр болады. Сонымен қатар, әлгінде айтылған 42 мемлекетте шоғырланған қазақ бауырламызбен біздің осындағы өмір сүру қағидаттарымызды салыстырмалы түрде зерттей аламыз. Бесіншіден, жастар арасында және шетелдерде қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ықпал жасайды. Қазіргі жастарымыз ғылым мен білім жолына түскен бойда шетелдік білім ордаларында сауатын жетілдіреді. Осы ретте өзгенің алдында қымсынбай өз тілімізде мағлұматтар беріп, құндылықтар көкжиегін ұлықтайды. Алтыншыдан, Отандық ғаламтор жүйесіндегі тың өзгерістерге бой алдыру. Веб-интернет және веб-индустрияны әлемдік трендтер мен талаптарға сәйкес дамыту қолға алынады. Бұл жерде қарапайым мысал туындайды. Қарқынды дамыған Қазақстан жайлы дүние жүзіндегі кез-келген азамат латын әрпіне жүгіне отырып, мағлұматтар ала алады. Сондай-ақ, түрлі хакерлік тосқауылдардан сақтану шаралары, қолжетімді кеңістік қалыптасады. Жетіншіден, ұлттық терминологиялық қор базасының кеңеюіне мүмкімдік туғызу. Сөздік қорымызға енген терминдердің баламаларын шетелдік аудармалар арқылы табатымыз рас. Жаңа технологиялардың көптеп шығарылуына байланысты терминдерді меңгеруге жол ашу үшін де латын әліпбиінің үлес салмағы айтарлықтай. Сегізіншіден, қоғамдық сананы жаңғырту процестерін сапалы жүргізуге жағдай жасау арқылы ұлттық мүддемізді айқындауға жол ашу. Бұрынғы ескі түсініктерді санадан сілкіп шығарып, әр азаматты жаңа қөзқараста ойлауға шақыра аламыз. Тоғызыншыдан, игілігін келешек жас ұрпақ латын әліпбиі негізінде жазылған ағылшын тіліндегі әлемдік әдебиеттің маңдайалды шығармаларын түпнұсқадан оқуға мүмкіндікті арттырады. Қазақ руханияты мен әлем классиктерінің шығармаларын өскелең ұрпақ жетік меңгереді. Тың бағытта сауаттанады. Пайым-парасаты өсіп, жетіледі.
Әлемде қанша халық болса, сонша сөйлеу тілі бар. Келешекте ана тіліміз өлі тілдер қатарына еніп кетпеу үшін зор еңбектене білуіміз қажеттігін ескергеніміз жөн. Тіл жойылған күні, ұлт жер бетінен ғайып болатындығы сөзссіз.
Жоғарыда аталған мәселелер төңірігінде жақында кент мәдениет үйі мен Сәкен Сейфуллин ауылында «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Б.Боранбай, облыстық ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мекемесінің әдіскері Ж.Ерекешова, «Қызылорда -Ақиқат Айнасы» қоғамдық бірлестігінің жастармен жұмыс бағыты бойынша жетекшісі Е.Құсан, ҮЕҰ мүшелері, дербес бөлім басшылары, аудан тұрғындары, сала мамандары қатысты. Семинар барысында тұрғындар қонақтарға сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
10 сәуір 2018 ж. 889 0