ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ
«Төртінші өнеркісіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбымен жарияланған Елбасының кезекті Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған негізгі міндеттер – «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі Ұлт жоспарында қаралған міндеттерден туындайды.
Тиімді мемлекеттік басқару міндетінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев айқындаған міндеттердің бірі – жергілікті өзін-өзі басқарудың төртінші деңгейін енгізу.
Жолдауда қаралған міндеттерді жүзеге асыру – сала мамандарының міндеті. Осы тұрғыда, Сырдария аудандық қазынашылық басқармасы ұжымы биылғы жылдан бастап, мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейінің енгізілуімен жаңа міндеттермен үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті бойынша іс-шара жоспарын белгілеп, жергілікті өзін өзі басқару органдарына қазынашылық қызмет көрсетуді бастап кетті.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу бағытында дайындық жұмыстары кезінде, ауылдық округ әкімдері мен есепшілеріне бірнеше рет тақырыптық ақпараттық оқу семинарларын ұйымдастырды.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2000 –нан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленді. Екінші кезең 2020 жылдан бастап барлық елді мекендерде күшіне енеді.
Еліміз бойынша биылғы жылы жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті 1063 ауылдық округ бойынша енгізіліп отыр. Оның ішінде біздің облысқа қатысты 146, Сырдария ауданына қатысты 8, бір кент және 7 ауылдық округ әкімі аппараттарында.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті - бюджет жүйесінің ажырамас толыққанды бөлігі. Салықтың 6 түрі, оның ішінде мүлік салығы, автокөлік салығы, коммуналдық меншікті сату барысында төленетін табыс салығы, мүлікті жалға беруден түсетін салық, жер салығы, күре жолдың бойынша орнатылған жарнамадан түсетін салығы ауыл бюджетіне берілді.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетінің енгізілуі жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді. Өңірлердің экономикалық еркіндігі мен жергілікті өзін-өзі басқаруы кеңейтілетін болады. Мақсат айқын. Ол–елді мекенді абаттандыру, жол салу, су тарту, кәсіпкерлікті дамыту, халықтың күнделікті тыныс тіршілігін жақсарту, сапалы білім беру, медициналық қызметпен қамту. Әрбір өңірдің көркеюі және жарқын болашағы үшін, қоғамның бірлігі мен ынтымағын арттыруға адал еңбегімізбен үлес қоса береміз.
З.Рахымшаева,
Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының басшысы
Сырдария аудандық қазынашылық басқармасының басшысы