Жетікөлде жұмыссыздық көп...
Кездесу барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер айтылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Биылғы жылы ауылдың «Жетікөлжарма» арнасынан су алатын «Военторг» каналына облыстық бюджет есебінен тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл каналға сонау 90 - жылдардан бері су жіберілмеген. Іші көміліп, аяқ судың келуіне мүмкіндік жоқ жағдайына жеткен болатын. Қазір аталған каналдың 4,9 шақырымы толығымен тазартылды. Соның арқасында ең алдымен ауыл халқының аяқсу мәселесі шешімін тапты және ауыл халқының бау-бақша өнімдерін егуге мүмкіндігі туды.
Жетікөл ауылына «Алиакбар ата-Агро» шаруа қожалығы 30 егін егілмеген жердің 22 гектарына жүгері, 23 гектарына бақша дақылдарын егіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, Украина елінің инвесторлары келіп, жерді игеру жұмыстарын жүргізуде. Биыл 250 гектар жерге күздік бидай егіп, келер жылы жүгері, арпа, тары секілді әртүрлі дәнді дақылдар егуді жоспарлауда. Осы жұмыстар нәтижесінде, ауылдағы 9,3 пайыз жұмыссыздық мәселесін шешу қажеттігін аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы ауыл әкіміне қатаң тапсырды. «Ауыл тұрғындарын кәсіппен айналысуға тарту, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, өзін-өзі қамтыған азаматтар санын арттыру қажет. Басқа ауылдармен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Қазіргі мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып бұл көрсеткішті дұрыстау керек. Ауылда жұмыссыз азаматтар болмағаны дұрыс»,- деді аудан әкімі.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар жауаптар беріліп, тиісті сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі