Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдарлының аяқ суы шешілсе?

Айдарлының аяқ суы шешілсе?

Қазақстан Республикасы Президентінің "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" №826 жарлығына сәйкес бүгін Сырдария ауданының әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлының кент және ауылдық округ халқымен ІІІ тоқсандағы кездесуі Айдарлы ауылынан басталды.

Ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы 2022 жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен таныстырды.

Жалпы Сырдария ауданы аграрлы аудан болып саналады. Қазіргі таңда су тапшылығын өткізіп отырған аймақ бойынша суды үнемдеу және егін шаруашылығын әртараптандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, аймақ басшысы Н. Нәлібаевтың тапсырмасымен азық-түлік белдеуін қалыптастырып, экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауылда бақшалық жерлер ашылуда. Аудан бойынша 210 гектар жер дайындалып, 840 адам 90 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егілді. Осы Айдарлы ауылында бұл мақсатта арнайы жер ашылып, ауыл жастары «Жастар» бригадасын құрып, 5 гектар жерге қауын-қарбыз, 5 гектар жерге картоп егуде. Егін егуге ең қажетті аяқ су мәселесі болса, биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Айдарлы ауылының Ақтам каналы тазартылып, ауылға аяқсу жетті. Су тапшылығының алдын алу мақсатында СНП - 500 насос қондырғысы беріліп, егін алқаптарын суарылуда.

Келер жылы да су тапшылығы болуы әбден ықтимал. Бұл қиындыққа ауыл халқы алаңдаулы. Сол себепті, биылдан бастап ауылға келетін каналдарға механикалық тазарту жұмыстарын жүргізуді сұрайды.

Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы мәселені бақылауға алып, арнайы мамандарды шақыртып, аяқ су мәселесін қайта қарауды тиісті сала басшыларына тапсырды. Егер аяқ су мәселесі шешілсе, ауылға арнайы инвестор тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу өте маңызды екенін және әрбір елді мекендегі халықтың мәселесін шешу күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.



Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі









09 тамыз 2022 ж. 637 0