Жетікөл – егін егуге және шабындық қалыптастыруға өте қолайлы жер
Жетікөл – аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдардың бірі. Кезінде айналасы сулы-нулы болған елді мекенде адам саны аз болғанымен бүгінде оның даму деңгейі айтарлықтай жақсы. Басқа ауылдардай үлкен шаруашылық болмаса да жетікөлдіктер ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысып, құс шаруашылығына да ерекше көңіл бөлген.
Ауданның шығыс беткейіндегі ауылдарда бұрындары егін егіліп, елдің ырыс-берекесі тасыған. Кейінгі жылдары ғана бұл маңда аяқ су тапшылығы болып, халық егіншіліктен қол үзіп қалған. Дегенмен, жетікөлдіктердің ата кәсіпке қайта бет бұратын күні алыс емес. Олай дейтініміз, ауыл маңына аяқ су келетін каналдар тазартылып, егін егуге мүмкіндіктер жасалуда.
Жетікөл ауылының әкімі Өмірбек Тоқпамбетов ауылға әкім болғалы осы мәселені шешуге бел шеше кіріскен. Ауылға аяқ су жеткізіліп, елді мекен маңайындағы егістік жерлерге егін егілсе, елдің ырзық-несібесі артпақ. Осыны бағамдаған ауыл әкімі елді мекенге келетін су арналарын, каналдарды тазарту жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Алдымен, ауылдың ақсақалдарымен келісе отырып, «Жетікөлжарма» арнасынан су алатын «Военторг» каналын тазартуға құжаттар әзірлейді. Аудан басшылығымен бірге оның қаржысын шешуге мүмкіндік жасалып, ауылды аяқ сумен қамтудың бірінші кезектегі іс-шараларын жүзеге асырады.
– Жалпы, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылы «Жетікөлжарма» арнасынан су алады. Сол каналдан ауылға қарай «Военторг», «Жыңғылдыкөл», «Хозцентр» каналдары арқылы аяқ су жетеді. Осылардың ішінде алғашқы кезекте биыл «Военторг» каналын тазартуға қаражат бөлінді. Негізінен, бұл каналмен 1994 жылдан бері су келмеген. Іші көміліп, аяқ судың келуіне мүмкіндік жоқ. Сондықтан осыны тазартуға қаржы бөлуге бар күш-жігерімізді салып, жұмыстар биыл шілде айында басталды. Қазір толығымен тазартылып, аяқталуға жақын. Аталған каналдың 4,9 шақырымы тазартылды, – дейді ауыл әкімі Өмірбек Тоқпамбетов.
Ауыл әкімінің айтуынша, каналды тазарту барысында ауылдық ардагерлер кеңесі мен ауылдық қоғамдық кеңес тарапынан жұмыстарды сапалы жүргізу үшін тұрақты қоғамдық бақылау жүргізілген. Ауыл ардагерлері тиісті кемшіліктерді ескертіп, каналдың тазаруына септігін тигізіпті.
«Военторг» каналын тазарту жұмыстары толық аяқталғаннан соң су жіберіліп, ең алдымен ауыл халқының аяқ су мәселесі шешімін табады. Сондай-ақ осының нәтижесінде ауылдың шаруасы ширайды, кәсіпкерлік саласы дамиды. Олай дейтініміз, ауылдың шығыс жағындағы канал арқылы аяқ су жеткізілсе, «Алиакбар ата Агро» шаруа қожалығы (төрағасы Мұхтар Көзейбаев) келер жылы 200 гектар жерге жоңышқа, 15 гектар жерге бақша дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Ал ауыл халқына 30 гектар жерді ашып, қарықтап, бақша дақылдарын егуге мүмкіндік жасап береді. Сонымен қатар «М.Абизов» шаруа қожалығы 50 гектарға жоңышқа, 10 гектар жерге бақша дақылдарын егуді жүзеге асырмақ. Жалпы, аяқ су жетсе, елді мекен маңайында 100 гектар жерге бау-бақша егу және 1500 гектар жерге жоңышқа егу жоспарланған. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға 3 дана «СНП-500/10» насосы алынған. Олар каналдарға орнатылып, егістікті, ауылды аяқ сумен қамтуға мүмкіндік жасалады.
Ауыл әкімі бізге тағы бір жаңалықты сүйіншіледі. Елді мекенге аяқ су келетін «Жыңғылдыкөл» және «Хозцентр» каналдарын тазартуға бюджеттік өтінім беріліп, алдағы жылдары су арналары тазартылмақ. Бүгінде каналдардың іші ағаш бұталарына, шөптерге толған. Сондай-ақ су өтетін бетондары құлаған, сағасы мен канал ішіне қайырланған топырақ үйілген. Осы ретте, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны теңгеріміндегі «Жыңғылдыкөл» каналының 4,8 шақырымы және «Хозцентр» каналының 7 шақырымы тазалтылған жағдайда жалпы 200 гектар жерге бау-бақша егуге, 1000 гектардың үстінде шабындық қалыптастыруға мүмкіндік болмақ.
– Жетікөл ауылы шағын болғанымен елді мекен аумағы бау-бақша дақылдарын егуге, шабындық қалыптастыруға, яғни жоңышқа, жүгері, басқа да дәнді дақылдарды орналастыруға өте қолайлы жер. Осы қолайлы жерге «Военторг», «Жыңғылдыкөл» және «Хозцентр» каналдары арқылы су барады. Биыл жоспарланған жұмыс аяқталуға жақын. Келер жылдары қос канал тазартылса, ауылдың әлеуеті артатыны сөзсіз. Негізі, биыл ауыл халқы аяқ су тапшылығын көрген жоқ. «Хозцентр» каналына ауылға алынған «СНП-500/10» насосының біреуі орнатылып, аяқ су келіп, тұрғындар бақшалық дақылдарды екті. Одан бөлек, тазалық айлығында ауыл ішіндегі арықтар тазартылып, елді мекенді көркейту-көгалдандыру жұмыстары нәтижелі жүргізілді, – дейді ауыл әкімі.
Иә, ауыл әкімі айтқандай, бүгінде Жетікөл елді мекені гүлденіп, көркейіп келеді. Өзекті деген мәселелер кезеңімен шешімін тауып, ауылдың дамуы қарқын алған.
Ердос БЕРКІНБАЕВ