Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ексең егін, ішерсің тегін

Ексең егін, ішерсің тегін

Газетіміздің өткен санында биыл сырдариялықтардың бақ­ша дақылдарын егуде белсенділігі жоғары екенін айт­қанбыз. Осыған байланысты аудан әкімі М.Ергешбаев Айдар­лы, Жетікөл, Аманкелді ауылына арнайы барып, егін егу­мен айналысып жатқан тұрғындармен кездесті.

Алдымен аудан басшысы Айдарлы ауы­­лына барды. Бүгінде Айдарлы ауы­­лы жастарының біріге атқарып жүрген жұ­мыстарын көпшілік жақсы біледі. Бейнеткеш, еңбеккеш жастар елді мекеннің дамуы үшін тыным таппайды, қолдарынан келгенше ауыл халқына көмек көрсетуде. Тиісінше, жаз мезгілінде де олар тыным таппақ емес. Кетпендерін асынып, бел жазбай еңбек етуге кіріскен. Бақшалық жер ашып, бүгінде сол өнімдердің бап-күтімін жасауда.

– Облыс әкімі Н.Нәлібаев азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнім­дерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған еді. Бұл жұмыстар аудан бойынша жүргізілуде. Негізі картопқа сұраныс өте жоғары. Облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру үшін жүздеген, мыңдаған тонна картоп керек. Өнім жер­гілікті жерден болса, жаппай сұранысқа жә­не баға тұрақтылығына да оң әсерін тигізеді. Былтырдың өзінде сырдариялық кар­топпен аудан тұрғындарын 100 па­йыз, қала тұрғындарына ішінара 70 пайыз қам­тылған. Сондықтан ендігі кезекте қала тұр­ғындарын толықтай 100 пайыз өніммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуіміз керек, – деді жастармен кездесуде аудан басшысы.

Айдарлыда бақшалық өнімге 10 гектар жер көлемі дайындалып, бүгінгі күнге оның 5 гектарына картоп, 5 гектарына бақшалық өнімдер егілген. Негізгі басымдық картоп дақылына берілуде. «Айдарлының қа­уы­ны» бренді де егілген.

Кездесуде ауыл жастары егінге судың жетуін қамтамасыз етуге қолдау көрсетуді айтты. Бұған қатысты биыл облыстық бюджеттен «СНП-500/10» су насосы алынған. Одан бөлек аудан әкімі «Ақтам» каналының қалған 3,7 шақырымын тазалауға ұсыныс беруді аудандық ауыл шаруашылығы бө­лі­мінің басшысы мен ауыл әкіміне тапсырды. Күзге дейін егістікке қажетті суды жеткізудің барлық мүмкіндіктерін қарас­ты­руды жүктеді.

Мұнан соң аудан басшысы Жетікөл ауы­лындағы «Алиакбар ата-Агро» шаруа қожалығының егін алқабында болды. Шаруашылық төрағасы Мұхтар Көзей­баевтың айтуынша, 30 жылдан бері аяқ су тапшылығы болып егін даласына дән түс­пеген. Соның салдарынан жетікөлдіктер егін­шіліктен қол үзіп қалған. Ал биыл ауыл­дың «Жетікөлжарма» арнасынан су ала­тын «Военторг» каналының 4,9 шақы­ры­мы толығымен тазартылды. Соның нәти­жесінде, ауылға аяқ су келіп, мәселе шешім тапты. Тиісінше, ауыл халқының бақшалық егін егуіне мүмкіндік туды.

Аяқ су келген соң «Алиакбар ата-Агро» шаруа қожалығы тарапынан 22 гектар жерге жүгері, 23 гектарға бақша дақылдары егіліп, бүгінде ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, елді мекен тұр­ғындары да қыс қамын жаз ойлаудың қа­мын жасауда.

Жетікөлге аяқ су жеткізу үшін Қызыл­орда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­ма­сы арқылы «СНП-500/10» су айдау насо­сы қолданылуда. Елді мекенде аяқ су мә­селесінің шешімі табылғанына жұртшы­лық ризашылықтарын білдіруде.

Көрші жатқан Аманкелді ауылының тұр­ғындары да қарап жатқан жоқ. Кетпен­дерін асынып, «Желқазған» учаскесіндегі бақшалық жерде тырбануда. Бүгінде атал­ған учаскеден 8,1 гектар жер ашылып, аманкелділік 31 отбасы бақша өнімдер егуде. Ал бұл жерге аяқ су келу үшін облыстық бюджет есебінен 2 су насосы орнатылған. Шаруалар бұл үлкен көмек болғанын айтады. Ауыл халқы атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов ризашылығын жеткізіп, мұ­ның ауыл жастарының еңбеккеш болуына септігін тигізетінін де тілге тиек етті.

Елді мекен халқымен кездесуде аудан әкімі «Жерімізді ел байлығына айналдыруы­мыз керек. Ол үшін қоғамның негізгі күші жастар қалаға кетпей, ауылды дамытуға атсалысуы тиіс» деді.

Иә, азық-түлік қоры осындай ұйым­дас­қан істің нәтижесінде көбейтілсе, облыс­та сыртқа мұқтаждық азаяры анық. Оның үстіне қамданған қапы қалмайтыны да хақ. Сондықтан дана халқымыз «Ексең егін, ішер­сің тегін» деп бекер айтпаса керек-ті.





Ердос БЕРКІНБАЕВ
11 маусым 2022 ж. 580 0