Жетікөлде жанданған жұмыстар
Аудан орталығынан шалғай жатқан Жетікөл өлкедегі шағын ауыл саналады. Мұнда егін егіліп, мол астық жиналмаса да ауыл халқы берекелі тіршілік кешуде. Ата кәсіп болған мал шаруашылығын дамытып, кәсіптерін дөңгелетуде. Бұл ретте, атқарушы билік тарапынан жетікөлдіктер үшін жақсы жағдай жасалуда. Сол жұмыстардың барысын ауыл әкімі Өмірбек Тоқпамбетов айтып берді.
Канал тазартылды
Қарт өзеннің бойында орналасқан аймақ жұртшылығы ата кәсіп болған егін егуді әуелден кәсіп етіп келеді. Сондықтан да болар өңіріміз аграрлы болған соң барлық тіршілік аяқ сумен тікелей байланысты. Сырдария өзенінен су жолдары тарап, әрбір елді мекен өзіне керекті аяқ суды пайдаланып келеді. Бұл қатарда Жетікөл ауылы да бар.
Жетікөл елді мекенінің тұрғындары «Жетікөл жарма» каналынан бастау алатын су арнасы арқылы аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Ауылға аяқ су жету үшін аталған каналдан су алатын тағы қосымша су арналары тарайды. Оның қатарында «Военторг» каналы бар. Аты бар демесеңіз, бұл каналдың табанына су тимегелі отыз жылға жуықтаған. Нақтысын айтсақ, 27 жыл. Бұл су арнасына 1994 жылдан бері тазарту жұмыстары жүргізілмепті. Соның салдарынан ауыл аумағына аяқ су жеткізу мәселе болып, тұрғындар да егін егуде айтарлықтай қиындыққа тап болып келген. Ал ауыл әкімі Ө.Тоқпамбетов жағымды жаңалықты жеткізіп, сүйіншіледі.
– «Военторг» каналына ұзақ жылдар бойына тазарту жұмыстары жүргізілмеген. Оның елді мекенді аяқ сумен қамтуда айтарлықтай кері ықпалы болды. Сондықтан осыған бар-күш жігерімізді салып, каналды тазартуға жұмыстар жүргіздік. Өткен жылдың аяғында аудан әкімдігінің қолдауымен, «Военторг» каналының жағдайын нақтылау мақсатында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының мамандары арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесімен 2021 жылдың жаз айында аталған каналды аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 4,9 шақырым бөлігіне тазалау жұмыстарын жүргізіп, канал сағасы қайта қалыпқа келтірілді. Ал аяқ су жолы тазартылғаннан кейін желтоқсан айында, яғни 27 жылдан кейін «Военторг» каналына су жіберілді. Бұл – жетікөлдіктер үшін ерекше қуаныш. Өйткені, аяқ су келгеннен кейін бақша дақылдарын егуге, кәсіппен айналысуға мүмкіндік зор. Бүгінгі таңда ауылға инвесторлар келіп, осы канал бойына егіс алқаптарын қалыптастыру үшін жұмыстарын бастап жатыр. Бұл каналдың елді мекенді дамытуға септігі мол. Осы тұста, ауыл тұрғындары атынан каналдың тазартылуына бастамашы болған аудан әкімдігіне және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының мамандарына зор алғыс білдіреміз, – деді Өмірбек Ділдахметұлы.
Иә, су – тіршілік нәрі екені айқын. Қыстың алғашқы айынан каналға су жіберіліп, енді Жетікөл топырағы құнарланып, босаңситыны анық. Ал ол жерге дән сеуіп, бақша дақылдарын ексе, өнім мол болмақ. Яғни, 27 жылдан кейінгі аяқ су ауылдың өркендеуіне, тұрғындар әлеуетінің артуына айтарлықтай септігін тигізеді.
Мал басы көбейтілуде
Жетікөл ауылында ата кәсіп болған мал шаруашылығын дамыту жүйелі жүзеге асуда. Биылдың өзінде ауыл кәсіпкерлері мал басын асылдандыру бағытында несие алып, шаруасын жүргізуде. Атап айтқанда, Жетікөл ауылындағы «Көркем» шаруа қожалығының төрағасы Әбдуәли Айтмұхамбет «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Сырдария-1» несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 22 500 000 теңге несие алған. Оған көршілес Ресей федерациясы Ростов облысы Орловский ауданы Волочаевский елді мекенінен ет бағытында 50 бас «Қалмақ» аналық мал тұқымын сатып алып, ауылға жеткізген.
«Қалмақ» МІҚ мал тұқымы Жетікөл ауылына қарасты Шлюз елді мекеніндегі «Көркем» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңында бағылуда. Бүгінде аналық малдарға ветеринария саласы мамандары тарапынан уақытша карантинге алу жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпкердің айтуы бойынша, алдағы уақытта ет бағытындағы ірі қара малын көбейтуді және мал басын асылдандыруды межелеп отыр. Мал басы көбейіп, бордақыланса, ауыл және қала халқын етпен қамту мүмкіндігі зор. Бұл ауыл әлеуетінің дамуына айтарлықтай ықпалын тигізері анық. Тиісінше, ауыл тұрғындары жұмыспен де қамтылады.