Аудан әкімінің құттықтауы
Құрметті сырдариялықтар!
Өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халық қаһармандығының мерекесі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс күні – бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухына тағзым ететін қастерлі күн. Сондықтан біз жыл сайын адамзаттың бейбіт өмірі үшін ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухына бас иіп, арамызда жүрген ардагерлерімізге тағзым етеміз.
Қанша уақыт өтіп, заман өзгерсе де ардақты ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біз «Ешкім де, ешқашанда ұмытылмайды» деген ұранды ұстаған елміз.
Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеген қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың алғысы шексіз.
Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 7399 азамат аттанып, олардың 4345-і туған жерге оралмады. Олар Отан үшін шейіт болды. Ал бүгінде соғыс және еңбек ардагері, ғасыр жасаған батагөй қариямыз Яхия Тасыров арамызда жүр. Қарт майдангерге зор құрмет көрсетіліп келеді.
Бұл – ерліктің, еңселі елдіктің рухы биік, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі – осынау мерекенің жемісі. Мың тағзым, Сіздерге майдангерлер!
Қадірменді ардагерлер!
Сіздерді қастерлі мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға амандық тілеймін! Туған Отанымыздың болашағы баянды, келешегі кемел, қамалы берік болсын!
Құрметпен, Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі