Аудан әкімінің Ұлы Жеңіс күнімен құттықтауы
Құрметті тыл еңбеккерлері!
Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін біз 1418 күн мен түнге созылған ең сұрапыл да қатал, қатігездігімен есте қалған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76-шы бейбіт көктемін қарсы алып отырмыз. Бұл – еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн, өшпес ерлік пен қайсар рухтың мерекесі.
«Ерді елі үшін, жігітті жұрты үшін мақта!» дегендей, біздер Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтов бастаған соғыс ардагерлерінің есімін мақтанышпен айтып, ерліктеріне бас иеміз.
Жалпы, Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, жартысынан көбі туған жерге оралмады. Олар Отан үшін шейіт болды. Бүгінде арамызда қан майданның куәгері, ғасыр жасаған қарт жауынгер Яхия Тасыров бар. Ұлы Отан соғысы ардагеріне әрқашан құрметіміз мол.
Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеген қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың алғысы шексіз.
Ардақты ардагерлер!
Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен ауданымыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Сіздерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын!
Құрметпен,
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі