Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы

Ардақты ардагерлер, тыл еңбеккерлері! Құрметті сырдариялықтар!

Сіздерді 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы мерекесімен
шын жүректен құттықтаймын!

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – мемлекет тұтастығын сақтау, Отан тыныштығын қорғау. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары шекарамыз шегенделіп, Қарулы Күштеріміз нығая түсті. Тәуелсіздіктің тірегі – тегеурінді армия десек, бүгінгі таңда еліміздің айбынды армиясы Алтайдан Каспийге дейін созылып жатқан қазақтың сайын даласын қас қақпай, кірпік ілмей қорғауда.

Бабалар аманатына, Отан алдындағы Антына адал болу шекара шебінде, ел күзетінде тұрған барлық сардарлар мен сарбаздардың абыройлы борышы. Кешегі жаһан соғысында Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Өйткені, майдангер батырларға деген құрмет – ата-баба рухына құрмет, тарихқа тағзым.

Елбасы «Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуға тиіс», – деген еді.

Себебі, отты жылдарда болашақ ұрпақ үшін жанын қиған боздақтар мен соғыс салған жарақаттардың салдарынан бейбіт заманда көз жұмғандардың жанқиярлық ерліктері мәңгі ұмытылмайды.

Бұл – туған жерді, Отанды шынайы қастерлеуді паш еткен ең ұлық күн, халқымыздың беріктігі мен қайсар рухының белгісі. Ұлы Жеңіске ержүрек халқымыздың өжеттігі мен бірлігінің арқасында қол жетті. Бүгінгі Тәуелсіздігіміз, еліміздің өркендеуі – осынау Ұлы Жеңістің жалғасы.

Құрметті жерлестер!

«Ерлік ескірмейді» дейді дана халқымыз. Елі барда ерлердің аты өшпейді. Аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Уақыт өткен сайын ол асқақтай түседі.

Мемлекет басшысы «Біз майданда қаза тапқандарды ұмытпаймыз. Ардагерлерді құрмет пен ілтипатқа бөлейміз», – деген болатын.

Тек қан майданда ғана емес, тылда да жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпалықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.

«Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін!», – деген ұранмен жатпай-тұрмай еңбек еткен тылдағы еңбеккерлердің тынымсыз тірліктері де майдангерлердің ұрыс даласындағы ерен ерліктеріне жігер бере түсті.

Олай болса, қатары жыл санап азайып бара жатқан даңқты батырларымыз бен майдангер аға-апаларымыздің ерлігі көпке өнеге, ұрпаққа үлгі. Отан қорғаушы жас жауынгерлерімізге ғибрат.

«Отан қорғаушы» деген ұғымның мәні – терең, құны – қымбат. Олай болса, Отан деген сергек сезімнің қайнар бұлағы сарқылмасын, шыбықтай иілген жас ұрпақ Ұлы далада бабалар жағып кеткен алау оттың ошағын сөндірмесін! Жас жауынгерлеріміз еліне қорған, халқына пана болсын!

Құрметті майдангер ағалар! Қадірлі жерлестер!

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен және Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Туған Отанымыздың болашағы баянды, келешегі кемел, қамалы берік болсын!

Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!


Құрметпен аудан әкімі Р.РҮСТЕМОВ
07 мамыр 2020 ж. 929 0