АНА МЕН БАЛА, ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ
«Амбулаториялық – емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК негізінде «Жүкті, босанатын, босанған және ұрпақты болу жасындағы әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру шаралары туралы» ҚР ДСМ 2012 жылдың 3 шілдесіндегі №452 бұйрығын орындау мақсатында облыстық көшпелі семинар өткізді.
Семинар басталар алдында облыс орталығы мен барлық ауданнан келген аурухана бас дәрігерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Ш. Әлназарованың бастауымен біздің ауданның медицина саласында жасалып жатқан игі істерімен танысты. Семинарға қатысушыларды аудандық аурухана бас дәрігері Н.Ж.Мырзағалиева өткен жылдың соңғы айларында қолдануға берілген қабылдау бөлімшесінің және биылғы жылдың бастапқы айларында іске қосылған 10 орындық оңалту орталығының, 10 орындық мейірбикелік күтім бөлімшелерінің жұмыстарымен таныстырды. Сондай-ақ емхана ғимаратында орналасқан ҚР ДСМ №452 бұйрығының алгоритіміне сай қозғалыс бағыты бойынша жаңадан ашылған мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау кабинеті мен дефектолог-логопед кабинетінің жұмыстарына шолу жасады. Осы орайда семинарға қатысушылар емханаға келушілерге ақпарат көзінің мол екендігіне көз жеткізіп, олардың қажеттілерін суретке де түсіріп алды. Сондай-ақ «Жақсыны көрмек үшін» дегендей келген меймандар біздегі өркенді істерге риза болып, қалай жүзеге асырылғаны туралы жан-жақты сұрады. Олардың сауалдарына орай Нұржамал Жұмағалиқызы игілікті істердің орындалу жолдарына, қанша қаржы үнемделгеніне нақты мысалдар келтіріп, тұшымды жауап берді.
Облыстық семинар кеңес жоғарыда айтылған күн тәртібіне сәйкес жүргізілді. Облыстың бас дәрігері Ақмарал Шәріпбайқызы жиынды ашып, семинардың өзара тәжірибе алмасу үшін өткізіліп отырғандығын, күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін, қоғамымызда ана мен бала, ұрпақ тағдыры басты құндылық екендігін атап өтті. Семинар барысында бірінші болып мінбеге көтерілген бас дәрігер Н.Ж.Мырзағалиева амбулаториялық – емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасы бойынша 2017 жылдың қыркүйек айы мен 2018 жылдың наурызы аралығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы индикаторларының микроаймақтар бойынша 2018 жылдың екі айына талдау жасады. – Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында халық денсаулығын жақсарту жолында медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медико-санитариялық көмекті жетілдіру, сондай-ақ аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту, нысаналы индикаторларға қол жеткізу бағытында біршама іс-шаралар жүзеге асырылды,-деп бастады баяндамасын Нұржамал Жұмағалиқызы. Оның айтуы бойынша, 2017 жылдың сәуір айында облыстық денсаулық сақтау басқармасы алқасының хаттамалық шешіміне сәйкес штат кестесіне оңтайландыру жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде аса қажетті 17,75 дәрігерлік бірлік енгізіліпті. Олар: логопед, реабилитолог, клиникалық фармаколог, бала эндокринологы, бала хирургі, уролог, иммунолог, терапевт, педиатр, дәрігер-эксперт, физиотерапевт, аллерголог, пульмонолог, проктолог, қабылдау бөлімінің дәрігері. Қазіргі таңда аталған мамандар халыққа тиімді медициналық көмек көрсетуде.
Бастапқы медициналық санитарлық көмектің Жол картасын жүзеге асыру мақсатында дәрігерлік аймақтағы халық санын 2100-ден 1800-ге дейін төмендетіліп, жаңадан жыл аяғында 3 жалпы дәрігерлік аймақ ашылды. Сонымен қатар, 4 жас маман ауданға тартылып, оның бәрі аймаққа жіберіліп, қазіргі таңдағы аймақтардың дәрігерлермен қамтылу көрсеткішін 85%-дан 95%-ға дейін көтеруге қол жеткізілді.
1 дәрігер, 3 аға аяжан Астана қаласындағы «Демеу» отбасылық денсаулық орталығында тәжірибе алмасып, қазіргі таңда орталықтағы бәрі аймақтарда мейірбикелердің пациенттерді өздіктерінен қабылдаулары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап скрининг өтетін пациенттердің маршруттарын оңтайландыру және профилактикалық байқаудың сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік-психологиялық және алдын алу бөлімшесі, диспансеризациялау кабинеті, мүгедектерді қабылдау бөлмесі ашылып жұмыс жасауда. Жоғары медициналық мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың жоспарына сәйкес қайта даярлау курсынан 6 қажетті мамандар қайта оқытылды. Сонымен бірге 120 маман білімін жетілдіріп 20 млн. теңге көлемінде қаражатын салды. Бекітілген Жол карталарын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы 135 млн. теңгеге, оның ішінде облыстық бюджеттен 127 млн. теңге бөлініп, жалпы 35 бірлік медициналық құрал-жабдықтар алынды. Мекеменің медициналық құралдармен жабдықталу көрсеткіші (ТЭП) 72%-дан 85%-ға жеткізілді.
2018 жылдың қаңтар айынан бастап №452 бұйрықты жүзеге асыру мақсатында мобильді топ құрылып (құрамында жалпы тәжірбиелік бөлім меңгерушісі, акушер – гинеколог, терапевт, маммолог, эпидемиолог, бас аяжан, бас акушерка) барлық ауданға қарасты аймақтарда тексеру жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2 айға жоспарланған 1770 әйелдің 1395 – і (78,8) пайыз әйел байқаудан өткізіліп, жаңадан 2В топқа 12 әйел, 5 топқа 821 әйел қосылды. 2018 жылы жүкті және жүктілікті жоспарламайтын әйелдерге, гениталды аурулары бар әйелдерге сауықтыру жұмыстары жүргізіліп, 62 әйел контрацепцияланды.
Жыл аяғында көше аралау жұмыстары күшейтіліп барлық аймақтар микроаймаққа бөлініп емханадағы, ауруханадағы барлық медицина қызметкерлері көше аралау жұмыстарына қатыстырылды. Аудан бойынша микроаймақ саны 2 есе көтеріліп саны 344 микроаймаққа жетті. Микроаймаққа қосымша тартылған медицина қызметкерлерінің саны - 117. Аула аралау жұмысы арқылы анықталған бала саны былтырғы жылмен салыстырғанда 35%-ға, жүкті әйелдер арасында 28%-ға өсті. Қорытындысында соңғы 2 айда сәби өлімі тіркелген жоқ.
Аурухана, емхана, елді мекендер бойынша КМИС бағдарламасы енгізіліп, жауапты маман бекітілді. Облыстық бюджеттен 11 млн. тенгеден аса қаражат бөлініп 67 құрал-жабдық алынып, жаңа сервер іске қосылды. Нәтижесінде компьютерлермен жабдықталу көрсеткіші 37%-дан 2017 жылы 50%-ға жеткізілді.
Микроаймақтар бойынша индикатор көрсеткіштері енгізіліп, ай сайын зерттеліп, шаралар көрілуде деген бас дәрігер баяндамасын қорытындылай келе 2018 жылы атқарылатын 10 басымдыққа кеңінен тоқталды. Мұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Ә.Қыдыралиева «Жүкті босанатын және босанған әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру бойынша бекітілген Жол картасы туралы» жан-жақты айтып өтті. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің БМСК жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы М.Халыбаева «Аудан бойынша №452 бұйрықтың Жол картасына сәйкес мамандардан құрылған жұмысшы топтың 2018 жылы жоспарға сай атқарылған жұмысы туралы» баяндады. – №452 бұйрықты басшылыққа ала отырып, халықтың репродуктивті денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін төмендету, түсіктердің және босану жасындағы әйелдердің сырқаттану деңгейін төмендету мақсатында жұмыстар ұйымдастырылды,- деді М.Халыбаева. Осыған орай 2017 жылдың қараша айынан бастап мобильді топ құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді.
2017 жылдың 10 қарашасындағы медициналық кеңесте №452 бұйрықтың 2017 жылғы 10 айдағы жоспарының орындалу барысы мен мобильді топтың тексеру жұмыстарының нәтижесі талқыланып, бас дәрігердің бұйрығымен мультидисциплинарлы топ құрылып, көшпелі профилактикалық байқау өткізу жайлы тапсырма берілді. Мультидисциплинарлы топ құрамына ДКК дәрігері, жауапты дәрігер - терапевт, гинеколог, маммолог, онколог, фтизиатр, психиатр, психолог, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің маманы енгізілді.
Нәтижесінде профилактикалық байқау өткізген аймақтар қаңтар, ақпан айларының жоспарын 91,7 % орындап шықты.
Жыл басынан 2В топқа алынбаған және жүкті болған 9 әйелді консилиумға салып 8-нің жүктілігін үздіріп, 1-і жүктілігін жалғастыруда. Толық тексерулерден өтті, профильді бөлімшеде ем қабылдады.
2018 жылдың қаңтар, ақпан айына аудан бойынша 1770 әйел профилактикалық байқаудан өтуге жоспарланса, оның 1614-і 91,3% орындалды.
Семинарда аудандық аурухана бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушысы А.Іскендірова «Ана мен балаға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы және перинаталдық көмекті өңірлендірудің ІІ- деңгейіне өту жоспары туралы», облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері З.Кушенова «ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» №1027 бұйрығының аймақта орындалуы», облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Г.Жұмашева «Қазақстан Республикасында акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру туралы» баяндады. Семинардың екінші кезеңінде секциялық жұмыстар жүргізіліп, жиынға қатысушылар аудандық емханадағы «Жасыл дәліз» кабинетінің және «Жас аналар» мектебінің жұмыстарымен танысып, жиын соңында өзара пікір алмасты.
Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ