Ұлттық мерекенің мән-мағынасы айшықталып, әнұран шырқалды
Апта ағымында Сырдария аудандық емханасының мәжіліс залында «25 қазан – Республика күні» мерекесі аясында салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты іс-шараға Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жанар Жұмабаева, салалық орынбасарлар мен медицина мамандары қатысты.Өз кезегінде бас дәрігердің міндетін атқарушы Жанар Жұмабаева жиналған көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтады.
– Құрметті әріптестер, сіздерді еліміздің маңызды мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайта білді. Халқымыздың азат рухы мен бірлігінің айғағына айналды. Бүгінде Қазақстан – бейбітшілікті, татулықты және тұрақтылықты ту еткен ел. Баршамызды ортақ мақсат – туған еліміздің гүлденуі мен өркендеу жолы біріктіреді. Осы игі істер жолында әрқайсымыздың үлесіміз зор. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Отанымыздың көк байрағы биікте желбірей берсін, – деді Жанар Әшімқызы.
Мәртебесі биік мереке шеңберінде жүзеге асқан іс-шарада ұзақ жылдар бойы аудандық ауруханада кір жуушы болып қызмет атқарған Арайкүл Рахымжанова мен тәжірибелі медбике Қаракөз Жұмашеваны әріптестері зейнет демалысына шығарып салды. Сонымен бірге медицина саласының мамандары мен қызметкерлері Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының, медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің, «Қазақ тілі» ҚБ аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл ретте, медицина қызметкерлері кәсіподақ комитеті тарапынан ақ халатты абзал жандарға сый-құрмет көрсетілді. Аудан өнерпаздары көпшілікке арналған концерттік бағдарлама ұсынды.
Сырдария аудандық емханасы









