Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр медицинасының жарқын жетістігі

Сыр медицинасының жарқын жетістігі


Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, ұлт саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған мемлекеттер ұстанған бас­ты бағыт екені даусыз. «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп көрсеткен болатын. Осы орайда елімізде тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытында Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар бағдарламалар қабылданып, ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған ­Жолдау­ларында «бірінші байлыққа» барынша көңіл бөлініп, саланы дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесіне жіті назар аударылып, қаржы көлемі де артып отырғаны белгілі. Бұл Сыр медицинасына да қатысты. Мәселен, облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру кейінгі 5 жылда 26,7 процентке артып, былтыр 44,04 млрд теңгені құрады.  Қаржыдан қағажу көрмей келе жатқан салада осылайша жыл сайын алдыңғы қатардағы технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, профилактикаға, науқастарды ­диагностикалау мен емдеуге, жалпы, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге жан-жақты мүмкіндіктер тууда. Олай болса, соңғы 5 жыл бедерінде сырбойылықтар саулығын сақтаудағы сала жетістіктерін тарқатсақ...

Байқоңырлықтар көптен күткен қуаныш
Облыс әкімдігі тарапынан салаға деген қамқорлықтың артуы Байқоңыр қаласындағы көпшілікті көптен күпті еткен мәселелердің оң шешімін табуына сеп болды. Атап айтқанда, жұлдызды қалашықта 2010 жылдан бері тұрған перзантхана ғимаратына 2014-2015 жылдары қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар игілігіне берілді. Ресей-Қазақстан тараптары арасындағы ұзақ келіссөз барысында 2016 жылы Байқоңыр қаласында қазақстандық медициналық ұйым ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Осының негізінде мұнда тәжірибелік режимде көпсалалы аурухана – облыстық медицина орталығының филиалы ашылды. Бұл мекеме Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Көпбейінді стационардың құрамында 30 төсектік терапиялық бөлімше, 30 төсектік оңалту және 20 төсектік күндізгі стационарлық бөлімше бар. Жыл басынан бастап филиал базасында алғаш рет амбулаторлық көмек көрсету үшін емханалық бөлімше ашылды. 14 мыңнан астам тұрғын аталған ұйымда қызмет алуға ниет білдірген.
Жоғары мамандандырылған көмек қолжетімді бола түсті
Соңғы бес жыл көлемінде жерлестеріміз үшін жоғары мамандандырылған   көмектің  қолжетімділігі артты. Мәселен, облыстың кардиохирургтарымен жүрек- қанта­мырларына және бас миына 2300-ден аса ота жасалды. Сондай-ақ, жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2016 жылы Қазалы теміржол ауруханасы базасында Байқоңыр  қаласы мен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының тұрғындары үшін ауданаралық нейроинсульт орталығы ашылды. Одан бөлек, Қазалы аудандық ауруханасы базасында инсульт­пен сырқаттанатын науқастарды оңалту бөлімшесі мен №3 қалалық емханасы базасынан нейрооңалту орталығының ашылуы көмек көлемін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, соңғы 5 жылда ашық жүрекке ота жасау 48,3 процентке (2013ж – 103, 2017 ж – 157), тамырды эндопротездеу бойынша оталар алты (2014 ж – 25, 2017 ж – 139), нейрохирургиялық оталар екі есеге өскен. Былтырдың өзінде онкологиялық ауруларға – 55, травматологиялық  науқастарға – 330, урологиялық ауруға шалдыққандарға 208 ота жасалған.
АУЫРМАСЫН АНАЛАР, АМАН БОЛСЫН БАЛАЛАР
Аймақта ана мен бала саулығын сақтауға барынша көңіл бөлініп келеді. Осы мақсатта көптеген ауқымды жұмыстардың атқарылғаны аян. Мәселен, жүкті және жаңа босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін 5 жыл ішінде 350 төсек-орынға арналған облыстық перинаталдық орталығы, 350 төсектік облыстық балалар ауруханасы мен Талсуат кентінде 50 төсектік республикалық оңалту орталығы салынып, бүгінде тұрғындар игілігіне қызмет етуде. 2016 жылы облыстық перинаталдық орталығында ауыр патологиясы бар әйелдерге арналып 30 төсектік босанғаннан кейінгі оңалту бөлімшесінің ашылуы талай әйелдің тез арада аяғынан тік тұрып кетуіне себепші болуда. Бірінші деңгейдегі стационар дәрігерлері арасында оперативті техниканы игерген мамандардың үлесін арттыру бойынша біршама жұмыстар жасалып, ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы 45%-тен 67%-ке артты. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде нәрестелер өлімі 41,2%-ке азайса, 2017 жылы ана өлімінің тіркелмегені қуантады, яғни, 100%-ке төмендеді.
МЫҚТЫ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗА –
САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КЕПІЛІ
Тұрғындардың медициналық қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында соңғы 5 жыл ішінде жалпы құны 27,4 млрд теңге болатын 58 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 49 немесе 84,5%-і апаттық жағдайдағы нысандар орнына салынды. Атап айтқанда, облыстық перинаталдық орталығы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, Қазалы ауданында орталық аурухана, 5 аудандық емхана құрылысы, 2 ауылдық емхана, 36 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік амбулатория және медициналық бекеттер пайдалануға берілді. 2013-2017 жылдар аралығында 28 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,5 млрд теңге бөлінді. Ал, облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауға соңғы бес жыл көлемінде 6 279,7 млн теңге қаралып, жаңа үлгідегі қажетті техникалар алынған. Нәтижесінде, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықтармен жарақтану көрсеткіші 32,2%-ке өсіп, 2017 жылы 76,5%-ті құрады.
ҚАДІРІН БІЛГЕН
Медицина саласы салғырттықты көтермейді. Сәл ғана сәтсіздік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұнда тек білік пен білімге ғана орын бар. Сондықтан адам өмірінің арашашысы ақ халаттыларға артылар жүктің салмағы да ауыр. Ал медицина қызметкерлері сол сенім үдесінен шыға білу үшін біліктіліктерін арттырып отыруы қажет. Соңғы бес жылда мамандар даярлауға ерекше мән берілгені белгілі. Аймақта денсаулық сақтау саласында кадр мәселесін шешу негізінде 2016-2018 жылдарға арналған дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың ұзақмерзімді жоспары жасалды. Қажетті медициналық мамандарды оқытуға (резидентураға) облыс әкімінің арнайы гранттары бөлініп, 2016-2017 жылдары 22 үміткер қабылданды.
Жалпы, облыс бойынша соңғы 5 жылда 705 маман қайта даярлау, 11732 маман білімін жетілдіру курстарынан өтті, олардың ішінде дәрігер – 4056 болса, 7676-сы орта буын медицина маманы. Атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аймақта жетіспейтін неонатолог, травматолог, онколог, реабитолог дәрігер мамандардың тапшылығы жойылды.
Соңғы бес жылда облыс бойынша 569 жас маман жұмысқа орналасқан, оның ішінде ауылдық елді мекендерге 248-і яғни, 43 проценті, бастапқы медициналық санитариялық көмек ұйымдарына 450 маман (79 проценті) жұмысқа орналасқан. Қазіргі кезде дәрігер мамандармен қамту көрсеткіші бойынша бастапқы медициналық санитариялық көмек ұйымдарында 95 процентті құрап отыр.
Аймақтың денсаулық сақтау саласындағы осындай берекелі жұмыстардың нәтижесінде облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 1,3 есе өсіп, 71,91 жасты құрады, 2013 жылы бұл көрсеткіш – 70,62 болатын. Ал республикада – 72,3 жас. Өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 4 процентке төмендеді. Қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 22,8%-ке, жазатайым оқиғалар, жарақаттар мен уланулардан болатын өлім көрсеткіші 39,8%-ке, туберкулезбен сырқаттанушылық 31,2%-ке, туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 2 есеге азайған.
Айнұр БАТТАЛОВА, 
«Сыр бойы».
01 ақпан 2018 ж. 1 217 0