Шағандықтар егін егуге кірісті
Белгілі жырау Алмас Алматов «Кетіскен досың келсін десең, кетпен ал да егін ек, я дән шақырады, я дәм шақырады» деген екен. Сол айтқандай, ризық-несібені жерден іздеуші диқан қауымы осы күні егін егу жұмыстарын бастап кетті. Олардың қатарында аудандағы іргелі шаруашылық – «Шаған Жер» ЖШС-нің еңбеккерлері де атыздыққа алғашқы дәнді септі.
Биыл Жеңісбек Сыздықов басқаратын серіктестік 2800 гектар жерге Сыр дақылын егуді жоспарлаған. Бүгінге дейін 500 гектар бидайды, 100 жаңа жоңышқаны егіп болып, күтіміне кіріскен. Ал сәуір айының үшінші онкүндігінен бастап Сыр дақылын егуді бастаған. Бұл іс-шараға ауылдың еңбек ардагерлері қатысып, егіннің мол болуына тілектестігін білдірген.
– Дала еңбеккерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Негізі күрішті диқанның баласы дер едім. Өйткені күрішші дән сепкеннен кейін 40 күн бойы оны «суға тұншықтырып алмайын, күнге күйдірмейін» деп тынбастан тер төгеді. Атыздықта отақ, шиін шығармау үшін жанталасады. Мол өнім алуға үміттеніп, бар күш-жігерін салады. Дән жерді жарып шыққан соң шілденің шіліңгір ыстығында оны баптау, қалың қамысты жарып өтіп, уақытылы суару – осының бәрі нағыз еңбек. Ел ырзығы осы жүзін күн сүйген диқандардың маңдай тер жұмысына байланысты, – деген шаруашылық төрағасы Ж.Сыздықов егін егуге барлық жағдай жасалғанын атады.
Егістікте агротехникалық талаптар сақталған. Техникалар да сайланған. Шағандық еңбеккерлер нарық заманына сай бейімделіп те келеді. Өндірісті әртараптандырып, оны кеңейту бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алған. Атап айтқанда, жылыжай жұмысы, шағын маркет халыққа қызмет көрсетуде. Одан бөлек те жүзеге асырылатын жобалар бар.
Серіктестік директорының орынбасары Әбдіразақ Сәдуов биылғы алғашқы дән №6 бригаданың күрішшісі Рахат Мұғаловқа тиесілі жерге себілгенін айтты. Қазіргі таңда еңбеккерлер науқандық жұмыстарды сәтті аяқтауға талпынған. Ал одан кейін Сыр салысының бап-күтіміне кірісіп, алтын күзде мол өнімнен үмітті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еңбек адамының қолын көтеріп «Алла тағаланың мейірімі, разылығы осы қолы лас болса да табысы таза болған адамдарға болсын» деп ерекше құрмет көрсетіпті. Ендеше, елдің ризық-несібесін өндіруші еңбеккерлердің еңбегі қайтсын деп тілейміз. Шағандықтардың мерейі үстем болсын!
Ердос БЕРКІНБАЕВ