Шағандықтар егін жинау науқанын бастады
Биылғы егін жинау науқаны «Шаған Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов үшін өте маңызды. Өйткені жыл басында осы шаруашылыққа төраға болып сайланып, шағандықтардың ырзық-несібесін молайтуға білек сыбана жұмысқа кіріскен болатын. Серіктестіктегі білікті агроном, бригадир, диқандармен бірге жүріп көктемгі егін егу жұмыстарын ойдағыдай тындырды. Одан кейінгі егіннің бап-күтімінде де егістік басынан шықпай, еңбеккерлермен бірге тынымсыз еңбек етті. Соның нәтижесі болар, бүгінде алтын күзге ерекше мереймен жетіп отыр.
Аудандағы ірі шаруашылықтар бірінен кейін бірі егін жинау науқанына кірісіп жатқан тұста шағандық диқандар да науқандық жұмыстарды бастады. Бұл шараға аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, еңбек ардагерлері мен шаруашылық еңбеккерлері куә болды.
Егінге орақ салу рәсімінде аудан басшысы сөз сөйлеп, шағандық еңбеккерлер мерейінің үстем болуына тілектестігін білдірді.
– Әлем бойынша 150 млн гектар жерге күріш дақылы егіледі екен. Ал бұған Сыр өңірінің қосатын үлесі зор десек, оның ішінде сырдариялық диқандар 21126 гектар жерге Сыр дақылын орналастырған. Ал аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Шаған Жер» ЖШС биыл 2872 гектар жерге күріш екті. Ала жаздай тынымсыз еңбек етіп, агротехникалық талаптарды сақтаған шаруашылық диқандары мол өнім алуға үмітті. Бүгінде Жеңісбек Сыздықов бастаған еңбеккерлер нарық заманына сай жұмыс жасауда. Болашақта өндірісті әртараптандырып, оны кеңейту бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Бұл ретте, ауыл халқының ауызбірлігі мықты болса, барлық тіршілік тындырымды болары сөзсіз. Сондықтан жаздайғы төккен тердің өтеуі қайтуына тілектеспін. Қамбаларыңыз астыққа толсын, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін аудан басшысы еңбек ардагерлерімен бірге егін орағының лентасын қиды. Қос «Магдон» жаткасы жайқалған күрішті пакосқа айналдырып, егін орыла бастады.
Шаруашылық биылғы жылы күріш дақылынан бөлек 200 гектар жерге бидай, 200 гектарға жаңа жоңышқа еккен. Бүгінгі таңда 1000 гектар жердің ескі жоңышқа өнімі жиналуда. Науқандық жұмыстарға шаруашлық техникалары сайланған. Осы жылы өз қаражаты есебінен 2 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алынған. Қазіргі таңда серіктестікте 350 адам жұмыспен қамтылып отыр.