Алғаусыз алғыс айтайық
Елімізде көктемнің алғашқы күні Алғыс айту мерекесі ретінде тойланады. Қыстан қысылып шыққан халық бір-біріне риясыз көңілін, шексіз алғысын жеткізіп, жаймашуақ мезгілдің алғашқы күнін ерекше көңіл-күймен қарсы алады.
«Қарғыс алма, алғыс ал» деген тәмсілді берік ұстанған халықтың бір-біріне бары үшін, бәрі үшін рақмет айтып, мейірім отын тұтатқаны орынды-ақ. Десек те Алғыс айту күніне байланысты айтылуы тиіс мәселе бар. Күні бүгінге дейін айтулы күннің негізгі мәні мен мақсатын білмейтіндер кездеседі. Иә, алғыс айтып, бір-бірімізге ізгілік тілеудің артықтығы жоқ, бірақ 1 наурыздың мереке ретінде белгіленуінің астарында үлкен мән бар. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің ауыртпашылыққа толы қиын-қыстау кезеңде қолындағы бір үзім нанын бөліп берген, өз үйінің бір бұрышынан пана берген кеңпейіл қазақ халқына Алғыс айту күні.
Айтулы мерекенің тарихы 2016 жылдан бастау алды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген еді.
Алғыс айту күні – еліміздегі тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтары бір-біріне құрмет білдіреді. Қазақ халқы – жатқа да, жақынға да құшақ ашқан мейірбан халық. Халқымыз кең пейіл, дархан көңілмен қазақ жеріне келген ұлттарға қонақжайлылық танытты, бірлік жолын ұстанып, бір шаңырақ астына топтаса білді. Қазақтың дархандығы мен жомарттығына өзге этнос өкілдерінің айтар алғысы шексіз. Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын атаулы күн – мейірімнің, шынайы достық пен ыстық ықыластың жарқын мейрамы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ