Ізгіліктің нұрлы шуағы
Әуел бастан қазақ халқы «Қарғыс алма, алғыс ал» деген тәмсілді берік ұстанған. Осы қағида ұлт ұстынына айналып, кең пейіл, дархан көңілмен қазақ жеріне келген ұлттарға жұртымыз қонақжайлылық танытты. Өзінде барды өзгемен бөлісіп, қиын-қыстау кезеңде бір шаңырақ астына топтасты. Міне, қазақтың осындай дархандығы мен жомарттығына өзге этнос өкілдерінің айтар алғысы шексіз. Бұл айтулы күн көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келеді.
Карантиндік талаптарға сәйкес «1 наурыз – Алғыс айту» күніне арналған салтанатты іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылды. «Алғыс – сөздің асылы» тақырыбындағы мерекелік шарада атаулы күннің мән-маңызы дәріптеліп, сырдариялықтар өз ризашылықтарын жеткізді.
Онлайн шарада аудан әкімі Талғат Дүйсебаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
– Алғыс айту күні – тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпұлтты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Мереке қазақ халқының кең пейіл, жомарт, қонақжай, мейірімді және ынтымақшыл әдет-ғұрпынан бастау алатын тарихи дәстүрлеріне негізделген. Сол себепті де бұл күн құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі болып табылады. Баршаңызды айшықты мерекемен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Алғыс айту күнінде пандемия кезінде қауіп-қатерге қарамастан еңбек етіп, айрықша табандылық пен зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен бірқатар дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, ерікті жастар мен кәсіпкерлер және аудандағы этнос өкілдері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Салтанатты іс-шара барысында нәубетті жылдары жер аударылған өзге ұлт өкілдері қамқорлық көрсетіп, жылы қабақ танытқан халқымызға өз ризашылықтарын білдірді. Олар ел бірлігі бекем екенін атап, қазақ халқының дархан пейіліне мың алғыстарын айтты.
Онлайн шарада ауданның көркемөнерпаздары мерекелік концерт қойды. Жас әнші Динара Жәкешова «Алғыс», әншілер блогы «Біз біргеміз», «Рахмет саған, туған ел», Мясцовтар триосы «Кадриль» әндерін шырқады. Сонымен бірге «Балауса» халықтық би ансамблі «Достығымыз жарасқан» атты хореографиялық композицияны қойып, «Грузин» биін және «Достық» ансамблі атаулы мерекеге байланысты «Ромашка» биін биледі.
Ердос БЕРКІНБАЕВ