Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік қор жұмысы ашықтыққа негізделеді

Әлеуметтік қор жұмысы ашықтыққа негізделеді

Жыл басындағы жағдайдан соң Мемлекет басшысы әлеу­меттің әлеуетін көтеруге қа­тыс­ты 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында нақ­ты тапсырмалар жүктеді. Оның қатарында «Қазақстан хал­­қына» қоғамдық әлеуметтік қо­рын құру бар. Бұл – халыққа жан-жақты қолдау.

Президент өз сөзінде аталмыш қордың мақсат-міндетін нақты атап көрсетті. Оның мемлекеттік органның қоры еместігіне тоқ­талды.

«Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек ау­руға шалдыққан балаларға көмек көрсе­ті­леді. Өйткені, көптеген отбасы емдеу ақы­сын төлей алмайды. Қалаларда, аудандар­­да, кенттер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды ба­­­­лаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қол­даймыз. Ал­матының сұмдық қасіретті оқи­ғадан оңа­луына көмектесеміз. Осы қор есе­бінен қаза тапқан полицейлер мен әскери қыз­мет­шілердің отбасыларына қолдау көр­се­теміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана. Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің не­месе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барша қазақстандықтардың қо­ры, ха­лықтық қор. Ол Әкімшіліктің немесе Үкі­меттің жанында жұмыс істемейді. Бе­делді байқаушылар кеңесі құрылып, адал да жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қыз­метінің толық ашықтығын, қоғам алдын­дағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қор жеке және мемлекеттік көздерден қаржыландырылады. Халықаралық қайы­рымдылық ұйымдарының көмегін тарту жос­парланып отыр. Бұл қорға лотерея операторынан, бәс тігу орталы­ғынан және басқа монополистерден міндетті жарналар түседі. Әлбетте, біз Қорға ірі бизнес тарапынан қомақты әрі тұрақты, атап айтамын, тұрақты аударымдар жасалуын күтеміз» деді Мемлекет басшысы.

Президент пәрмені жедел орындалып, қор құрылғаннан кейін құрылтайшылар «Қа­зақстан халқына» ҚƏҚ төрағасы қыз­метіне мемлекет қайраткері, белгілі қаржыгер Болат Жəмішевті сайлады. Бақылаушылар ке­ңесіне денсаулық сақтау мен білім беру са­лаларының белгілі қайраткерлері мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді.

Сондай-ақ, қордың Қамқоршылық ке­ңе­сі де сайланды. Қамқоршылық кеңес құра­мында белгілі мемлекет және қоғам қайрат­керлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары бар. Қамқоршылық кеңес төрағасы болып Юрий Пя сайланды.

«Қазақстан халқына» ҚƏҚ денсаулық сақ­тау, білім беру, халықтың əлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған топтарын əлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады. Қордың қызметі қо­ғамды біріктіруге жəне əлеуметтік əділ­ет­­­тілікті нығайтуға ықпал ететін болады. Қор жеке жəне мемлекеттік көздерден қар­жы­ландырылады, сонымен қатар халық­­­­­­а­ралық қайырымдылық ұйымдарының көме­гін тарту жоспарда бар. Үкімет басшысы Ə.Смайылов­ пен Премьер-Министр Кеңсе­сі­нің қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын «Қазақстан халқына» қорына аударды. Үкі­мет бизнес өкілдеріне, ең алдымен, ірі бизнес өкілдеріне əлеуметтік жауапкершілік та­ны­тып, Қорды қаржыландыруға көмек көр­­сетуге шақырады» деп хабарлады Пре­мь­ер-Министрдің баспасөз қызметі.

2022 жылдың 17 қаңтардағы мәлімет бо­йынша заңды тұлғалардан 12,36 миллиард теңге түскен. Бұған «Kaspi Bank» өкілдері қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, қоғамдық қорға ерікті ретінде 6519 қазақстандық ақ­ша аударған. Қазір оның жалпы сомасы 10,1 миллион теңгеден асады.

Иә, халық арасында әлеуметтік теңсіздік мәселесі бар екені анық. Әлеуметтік әлсіз топтардың басында баспанадан басталатын өзекті мәселелер көп. Ал осы құрылған қор сол мәселелердің шешімін табуына септігін тигізеріне сенім білдірейік. Қолдау танытып, қаржы аударсақ, оның өзі де көмек екені бел­гілі.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
18 қаңтар 2022 ж. 260 0