Елдегі жағдай: Үрейден үміт басым
«...Өз басым оқиғалардың алғашқы күндеріндегі Қ.Тоқаевтың көздерін ұмытқам жоқ. Ол жанарда өзінің тарихи миссиясы үшін үрей де, алаң да, қобалжу да, үміт те, бәрі тұрды. Адамның жанары ешқашан алдамайды». Ақын Ақберен Елгезек әлеуметтік желідегі жазбасында кез кезген медальдің Аверс және Реверс жағы секілді екіжақты талдау жасап, еліміздегі жағдайды саралапты. Иә, адам қаншалықты өзгеруге талпынғанымен оның бар болмысын жанары әшкерелеп береді. Сондықтан жаңа жылдан кейінгі мемлекеттегі толқу әрбір адамның көзінен үрей көрсетті. Ал бәрі қалыпқа түсе бастағанда жанарлардағы үрейді үміт басты. Енді осы үрей мен үміттің аралығын саралап көрелік.
Бағаның шарықтауы шыдамға селкеу түсірді
Біз бұған дейін де газетімізде азық-түлік, құрылыс материалдары, жанар-жағармай, газдың қымбаттауына қатысты сараптамалық материалдарды жазған болатынбыз. Әсіресе, пандемияның, девальвация, нарықтық экономиканы сылтау етудің салдары бай-бағлан мен қарапайым халық арасын алшақтатты. Тиісінше, алқымнан алған қымбатшылық жыл артқан сайын қалың бұқараны қажытты. Баға бағамына тоқтау болмаса, халықтың ашынатыны айқын еді.
Мәселен, өткен жылы бір айдың ішінде азық-түлік тауарлары – 0,1%, азық-түлік емес тауарлары – 0,6%, ақылы қызметтер 0,7% жоғарылаған. Тиісінше, бағаның өсуі құс етіне – 2,3%, қарақұмық жармасына – 1,7%, сиыр етіне – 1,6%, жылқы етіне – 1,4%, қаймаққа – 1,2%, пастерленген сүтке, айранға, сүзбеге, құмшекер қантқа – 1,1%-дан, макарон өнімдеріне – 1%, сары майға, нанға – 0,9%-дан, ұнға – 0,8%, кондитерлік өнімдерге – 0,7%, күнбағыс майына, ірімшікке, шошқа етіне 0,6-%-дан белгіленген. Темекі өнімдері де 0,5% қымбаттаған. Яғни, бір айдың ішіндегі өсімнің өзі қарапайым халықты титықтатып, қалтасындағы барын беруге мәжбүрледі. Тіпті, қымбатшылықтан қажыған жұрт азық-түліктің өзін несиеге алатын жағдайға жетті. «Kaspi Red» арқылы азық-түлік ақшасын бөліп төлеп, тамақтан ас өткізді.
Шынтуайтында, қымбатшылықтың белең алған тұсы нақ осы шақ, яки қыс мезгілі. Өйткені, ала жаздайғы өнімдер қысқа дейін сақталып, осы бір шақта қымбатқа сату бізде үрдіске айналған. Бір ғана мысал, екінші нан саналатын картоптың келісі өткен жылдың жазында 150-160 көлемінде болатын. Ал жаңа жылға дейін 220 теңгенің үстіне шықты. Бұдан бөлек, құрылыс материалдарының шарықтауына да шектеу болмады. Бұрындары 50 мыңды місе тұтып, керегіңді алуға болатын тұғын. Қазір құрылыс базарларына кемі 200-300 мыңсыз кіре алмайсың. Оның өзі аздық етуі мүмкін.
Міне, осының бәрі жиналып, шыдамға селкеу түсірді.
Мәселенің мәнісі...
Енді көпшіліктің қатты наразылығын тудырған жанар-жағармай мен газ бағасына тоқталсақ. Иә, «По талонам» жазуын жанармай бекеттерінен жиі байқайтын болдық. Осылай жазылғанын көргеннен-ақ жанармай бағасының қымбаттайтынын сезесің. Бұған үйреніп кеткендей де едік. Осы саламен айналысатын кәсіпкерлер де 1-2 күн жанармайды халыққа талон арқылы беріп, «тапшылықты» қолмен жасап, артынша бағаны өсіріп қоя салады. Нәтижесінде, дизель жанармайының бағасы бензиннен асып түсті. Бензин бағасында да тұрақтылық жоқ. Ал өткен жылдың басында сұйық газ литрінің бағасы 60-70 теңге аралығында болған. Автокөліктерге газды орнатып алғандар осы бағаның тиімділігін көрді. Ал көпшілік көліктеріне жаппай газ орнатып, тұтынушылар саны арқан еді, айналасы 6 айдың ішінде сұйық газдың бағасы 110 теңгенің үстіне шықты, яғни, еселеп артты.
Негізі, дәйектерге сенсек, Қазақстан жылына 7-8 млн тонна газ өндіреді екен. Оның 10-15 пайызы ішкі рынокты қамтамасыз етуге жетеді. Демек, өзімізді-өзіміз арзан газбен қамтамасыз етуге қауқарлы екеніміз айқын. Тіпті, газдың зауыттардан шыққан бағасы әлдеқайда төмен көрінеді. Монополистер мен алып-сатарлардың газды елге жеткізгенше бағасы бірден шарықтап шыға келеді. Оның үстіне олар зауыттан газды литрлеп емес кубпен алатыны тағы бар. Одан ұтпаса, ұтылмасы анық. Мәселенің мәнісі осында. Сондықтан газдың тұтыну бағасын негізсіз көтеріп, халықты титықтатқаны жөн емес. Бұл ретте, елдегі бейбіт шерудің нәтижесінде газ бағасы бұрынғы қалпына келді. Яғни, облыс төңірегінде сұйық газ бағасы 60-65 теңгеге түсті.
Ел бірлігі бәрінен маңызды
Соңғы жылдардағы жаңа жыл сайын қазақ елі түрлі қиындықтарға тап болуда. Ал бұл жолы елдігіміз сынға түсіп, табыс жылы болады деген барыс жылының алғашқы күндерінде іргелі елдің бірлігі таразыға түсті. Бейбіт шеру болды. Жаңаөзеннен бастау алған шерулер әрбір өңірде қолдау тауып, оның арты террорлық терактіге ұласты. Жаппай тәртіпсіздік салдары мемлекетке аса ауқымды шығын келтірді. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, соның аясында жағдай тұрақталып, қалыпқа келтірілді.
Енді бұл кезең сабақ алатын сәт. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішіндегі жеткен жетістікті жоққа шығармасымыз анық. Десе де ашынған ел билікке базынасын білдірді. Кез келген мәселе шешімін табары белгілі, бірақ баршамыз ел бірлігі бәрінен маңызды екенін ұмытпағанымыз абзал.
Бүгінде жағдай тұрақтала бастаған соң көпшілік, қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері жұртшылықты сабырға шақырып, татулыққа үндеуде. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет» деп атап өтті. Ынтымақ, бірлікке қатысты аудан азаматтары да өздерінің пікірін білдіруде. Облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов «2022 жыл еліміз үшін аса маңызды қоғамдық-саяси оқиғалармен басталды. Әлем назары елімізге ауған сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен нақты шешімдер қабылданып, елдегі тұрақтылық қамтамасыз етілді. Біз осындай қиын әрі күрделі кезеңде Ел Президентінің бастамаларын қолдап, бірлік, ынтымақ, сенімді диалог ұғымдары аясында топтасуымыз қажет. Өйткені, елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ» дейді. Ал аудандық мәслихат депутаты Ғалия Жаңабаева «Қазақ – бұдан да қиын кезеңді басынан өткерген халық. Бірақ біз қай кез болмасын бірлігінен ажырамаған елміз. Елдігіміз де, құндылығымыз да бірлікте» деп талай қиындықтан өткен халықтың бұл кезеңді де еңсеретініне сенім артады.
Расында, ел іргесіне іріткі түссе, халықтың құты қашатыны сөзсіз. Ал қандай қиындық болмасын мызғымас бірліктің арқасында еңсеріледі. Оның артында ұлттық мүдде, елдік, егемендік тұрғаны айқын. Біздің күшіміз бірлікте.
Ердос БЕРКІНБАЕВ