Мейірбек Маханбетжанов, аудандық емхана психологы: Үрейге бой алдырмау керек
Әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы басталғалы адамдардың бойында үрей мен қорқыныш пайда болды. Бірі «ауырып қалсам не болады» деп қорықса, енді бірі ауырмаудың жолын іздейді. Қайткен күнде де иммунитеті әлсіздер осы ауруға шалдығып, оның қаншалықты жанға батқанын да білді. Қауіпті індетпен күресте адамның бірінші байлығын қорғауда медицина қызметкерлерінің барлығы жұмыла кірісті десек артық айтқандық болмас. Яғни бір ғана инфекционистке бар ауыртпалықты артып қоймай, ақ халаттылар білектің жұдырығындай жұмыла кірісті. Солардың қатарында емхана психологы да бар. Психолог Мейірбек Камалұлы көптеген адамға көмектескенін оның алдына барғандар жақсы біледі. Назарларыңызға психологпен сұхбатты ұсынамыз.
– Мейірбек Камалұлы, пандемия ел-жұрттың психологиясына қаншалықты әсер еткенін сіз жақсы білесіз. Маман ретінде сіздің көмегіңізге мұқтаж болған жандарға қаншалықты көмектесе алдыңыз деп ойлайсыз?
– Иә, елдің үрейін алған індеттің өршу сатысынан аман-есен өткенімізге тәубе дейміз. Көктемде басталған қауіпті індеттің қаншалықты жұқпалы екеніне қазір адамдардың көзі жетті. Әдепкіде сақтануға бей-жай қараған көпшілік өзінен бастап жақындары ауыра бастағанда не істерін білмей абдырап қалды. Үйде оқшауланған тұрғындардың өзі індетке шалдыққанда тіпті зәре-құты қашты. Созылмалы дерті бар кісілер індетке шалдығып, алды бақилық болды. Дегенмен дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аурудан айыққандар үйлеріне шықты.
Аталған дерт ушыққан кезде психологиялық кеңес алушылардың саны артты. Олардың басым бөлігінде үрей болды. Кеңес алушылармен сұхбаттасып, ең алдымен өзіне деген сенімді арттыру қажеттігін және бүгінгі күнмен өмір сүру керектігін айтып түсіндіреміз. Нәтижесі жаман болған жоқ. Екінші рет келгенде олардың бойында оң өзгеріс болғаны байқалды.
– Сізге келушілер әдепкіде ұялып, қымсынатын болар. Яғни жүрексінуі мүмкін. Сондықтан маман ретінде мұндай жағдайда не дейсіз?
– Қазақы болмысымызда психологқа жүгіну ұят деп ойлайтындар бар. Дегенмен қазіргі жағдайда адамдар ашушаң, қиыншылыққа бейімделгіш келеді. Мұны пандемия болмаған күнде де аңғару қиын емес. Сондықтан психологиялық кеңеске мұқтаждарға алдымызға келуге қысылмай, өзіңіз жайлы айтуға қорықпаңыз дегім келеді. Біз жеке адаммен сенімділік тренингін өткіземіз. Екі адам арасындағы сұхбат құпия болып қалады. Маман ретінде айтарым, қазір қайта адамдардың арасында жүрексіну деген мүлдем жоқ. Қайта барлық сұраққа толыққанды жауап беріп, қажет көмегін алып, ризашылықтарын білдіретіндер қатары көп. Ал пандемиядан үрейленгендерге бұл қиындық уақытша құбылыс деп түсінген жөн.
– Балалардың өтпелі кезеңі ата-аналарға қиындық әкеліп жатады. Балаларымен түсінісе алмай, психологтың көмегіне келетіндерге қандай кеңес бересіз?
– Жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде олардың мінез-құлқында өзгеріс болады. Мұндай жағдайда психокоррекциялық жұмыс, яғни теріс әрекеттерден арылтуға жұмыс жүргіземіз. Ең алдымен жасөспірімнің дағдарыс жағдайында екендігін ата-ана аңғаруы тиіс.
– Иә, баланың мұндай жағдайда жүргенін қалай білуге болады?
– Жасөспірім өмір сүргісі келмейтіндігі туралы мысалы, «жақында бәрі бітеді», «мен ешкімге керек емеспін», «бәрінен жалықтым» деген сөздерді ашық түрде айтады. Көңіл күйі жиі өзгеріп, сүйікті ісіне қызығушылық танытпайды. Осындай кезде қамқорлық қарым-қатынас орнату маңызды. Психологиялық жайсыздықты тудыратын жағдайды анықтауға көмектесуіңіз қажет. Барлық мәселенің шешімі болатыны туралы үміт ұялатыңыз. Балаңызды мұқият тыңдау арқылы оған әрқашан қолдау көрсететініңізді, жақсы көретініңізді айтуға асығыңыз.
– Адамды құрдымға жіберетін нәрсе оның ойы екені рас. Адам өз ойын өзгертпейінше өмірдің қара сызықтарынан арыла алмайды дейсіз ғой...
– Әрине, өмір – ғажап. Алланың берген сыйы жақсы өмір сүру. Ал қиыншылық уақытша құбылыс. Жамандықтың артынан жақсы күндер келетініне сену керек. Адамды сүйкімсіз етіп көрсететін де үрей мен сенімсіздік. Сондықтан жағымсыз энергиядан құтылу үшін жаңа күнді жақсы көңіл күймен бастаңыз. «Менің қолымнан келеді», «Жақсылық жасаймын», «Жақыныма жанашыр боламын» деп өзіңізге жігер беріңіз, өзіңізді өзіңіз қайраңыз. «Өмір қайта келмейді, ал қалғанның бәрі табылады және орнына келеді» дегім келеді. Егер тұрғындар білікті психолог маманнан кеңес алғысы келсе, тәулік бойы, жасырын, тегін «Жедел желі» 8-800-080-22-26 сенім телефоны жұмыс жасайтынын хабарлаймын. Психологтар әрқашан қолын созуға дайын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ