Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дастан Сүлейменов «Офицердің әкесі» медалімен марапатталды

Дастан Сүлейменов «Офицердің әкесі» медалімен марапатталды

Тереңөзектік Дастан Сүлейменовтің ұлдары Жасұлан мен Бауыржан құқық қорғау органдарында жемісті жұмыс істеп келеді. Үйдегі тәрбиенің арқасында тәртіп сақшылары ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтап, жауапкершілігі мол салада биік белестерді бағындыруда. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, перзенттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берген Дастан Сүлейменов жыл қорытындыланар тұста «Офицердің әкесі» медалімен марапатталды.

Марапаттау салтанатында үлгілі құқық қорғаушылардың ата-аналарына аудандық полиция бөлімінің басшылығы тарапынан алғыс айтылды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен және де алда келе жатқан Жаңа 2022 жылмен құттықтаймын. Осы мерекемен тұспа-тұс келген осы марапаттарыңыз құтты болсын. Осындай білікті де, білімді офирцер ұлдар мен қыздар тәрбиелеп, өсіргендеріңіз үшін Сіздерге мыңда бір алғыс. Осы орайда, Сіздерге ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасыңызға береке-бірлік тілеймін,– деді марапаттау салтанатында аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев.

Өз кезегінде ұлдарының үлгілі қызметі үшін марапат биігінен көрінген Дастан Сүлейменов полиция бөілімінің басшылығына өз ризашылығын жеткізді.

– Ұлдарымның құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүргені мен үшін қуаныш. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен ел тыныштығын күзету, қылмыстың алдын алу мақсатында еңбек етуде. Жұмыстары әрине жауапкершілікті, тиянақтылықты талап етеді. Аталары Әбіләзи Сүлейменов елді жаудан қорғаған соғыс ардагері болды. Батырдың ұрпақтары да елге адал қызмет етіп, үлгі көрсетсе, ол ұрпақтар сабақтастығы атты ұғымның өміршеңдігі деп білемін. Сондықтан ұлдарымның алдағы уақытта да жақсы жетістіктерге жететініне сенемін. Біздің еңбегімізді елеп, ескеріп, марапаттап жатқандарыңызға рақмет айтамын. Жаңа жыл құтты болсын, – деді Дастан Сүлейменов.

Атап өту керек, Дастан Сүлейменовтің үлкен ұлы Жасұлан былтыр ҚР ішкі істер министрінің Алғысымен марапатталды. Ал Бауыржан облыстық полиция департаменті бастығының, аудан әкімдерінің бірнеше рет Алғыс хатын иеленген үлгілі құқық қорғаушы. Жалпы Сүлейменовтер отбасын сырдариялықтар өсіп-өнген, үлгілі отбасы ретінде құрмет тұтады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
30 желтоқсан 2021 ж. 518 0