Шығырмашылық топқа алғыс білдірді
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрлан Ибраев бастаған құқық қорғау саласының басшылық құрамы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымын журналистер күні мерекесімен құттықтады. Бөлім басшысы аудандық басылымның полиция бөлімінің қиын әрі күрделі жұмысына ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқанын жоғары бағалап, кәсіби мереке қарсаңында шығармашылық топ мүшелеріне алғысын білдірді.
– Сіздерді аудандық полиция бөлімі атынан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер ауданның құқық қорғау саласының атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен насихаттап, ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер. Газетте сұхбаттар, мақалалар тұрақты түрде жариялануда. Сондай-ақ сала ардагерлерінің өнегелі өмір жолы да аудандық газет арқылы көпшілікке жария етілуде. Басылымда өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын үлгілі тәртіп сақшылары жөнінде де мақалалар берілуде. Мұның бәрі бірлесе атқарылған жұмыстардың жемісі. Атап өту керек, күні кеше «Полиция күні» мерекесі де арнайы бет арнадыңыздар. Төтенше жағдай кезеңінде де тұрақты түрде жақсы ақпараттар жарияланды. Сіздерге осынау нәтижелі жұмыстар үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасаймыз деп сенемін. Ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деген бөлім басшысы ұжым қызметкерлеріне шығармашылық сәттіліктер тіледі.
Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы мен жауапты хатшы Шаһарбек Нұрсейітов ортақ абырой үшін бірлесе еңбек етуге тілшілер қауымы әркез дайын екеніне тоқталды. Сондай-ақ редакция ұжымы атынан аудандық полиция бөлімінің басшысына алғысын айтты.