Жалынды жастардың жетекшісі еді
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары аудан комсомолдарының көшбасшысы болған жалынды жас Бақытбек Қарсақбайұлы тірі болғанда биыл 65 жасқа толатын еді. Бақытбек замандасымыз нағыз жетекшіге лайық азамат болатын. Педагогикалық жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін еңбек жолын туған ауылы Сәкенде қатардағы мұғалім болып бастаған Б.Ибрагимов тәжірибе жинақтай келе 8 жылдық мектептің директоры болды. Осы қызметте жүргенде іскерлігімен, парасаттылығымен танылып, аудан жастарының жетекшісі болып сайланды.
Ауданның Құрметті азаматы Алмагүл Божанованың айтуы бойынша Б.Ибрагимов комсомол жастарды өндірістің шешуші салаларына орналастыру, жастар бригадаларын ұйымдастыру, оларға мәдени тұрмыстық жағдай жасау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, кадрлар резервін жасақтау тәрізді сан салалы жұмыстардың көшбасында жүрді. Одан кейін Бақытбек Қарсақбайұлы аудандағы ең ірі шаруашылық Тереңөзек кеңшарында партия комитетін басқарды, елге қызмет етудің үлгісін көрсетіп келе жатқан іскер парасатты азамат 40 жасында бейдауа дерттен көз жұмды.
Биыл 65 жасқа толған абзал жан, ардақты әкені есімін ұлықтап, ұлы Бауыржан «Тектілігімен танылған тұлға» атты кітап шығарды.
Кенттің орталығындағы «Достық» үйінде кент ардагерлер кеңесінің (төрағасы З.Жүсіпбайұлы) ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жастардың жалынды жетекшісін еске алуға арналған ардагерлер арасында бильярдтан турнир өткізілді. Біріншіліктің демеушісі – Сәкен ауылынан шыққан кәсіпкер азамат Бәкеңнің ізбасар інісі әрі досы Мақсұт Әбілдаев.
– Бақытбек ағам алдымызда жол көрсетіп жүретін, нағыз жетекшіге лайық өмірге бір-ақ рет келетін атпал азамат еді. 65 жасында еске алып жатырмыз. Рухы шат болсын,– дейді Махаң.
Турнирді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев ашып, Бақытбек Қарсақбайұлының өнегелі өмір жолына тоқталып, аз ғұмыр кешсе де лайықты із қалдырғанын атап өтті. Біріншілікке кенттен 16 ардагер спортшы қатысты. Төрт топға бөлініп өнер көрсеткен ардагерлер шебер ойын өрнегімен танылды. Нәтижесінде, Тойым Айкөпешов бірінші орынды иемдеді. Екінші орынды Абылай Әшірбеков иеленсе, екі үшінші орынды Бақтыбай Мәтібаев пен Мырзалы Орынбаев өзара бөлісті. Жеңімпаздармен жарысқа қатысушыларға сый-сияпаттар жасалды.
Біріншілік қорытындысында Бақытбек Қарсақбайұлының інісі Мұратбек пен ұлы Бауыржан сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер спортшылар Марат Сақтапов, Төлеу Сүлейменов және Абылай Әшірбековтің иығына шапан жауып, қарттардың батасын алды.
Шаһарбек Балтабайұлы