Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кітап оқырманға жол тартты

Жаңа кітап оқырманға жол тартты

Жақында қолыма «Тектілігімен танылған тұлға» деген жаңа кітап тиді. Авторы Бауыржан Қарсақбаев ауданда мемлекеттік қызмет атқарып, қазіргі уақытта ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметінде.

Кітап – ғұмырбаяндық негізде жазылған туынды. Кітаптың басты кейіпкері – автордың әкесі, кезінде ауданда абыройлы қызмет еткен өнегелі ғұмыр иесі Бақытбек Ибрагимов.

Бояуы да кеуіп үлгірмеген жаңа кітапқа жас қаламгер Ақтөре Ибрагимұлы редакторлық еткен. Қызылорда қаласындағы «ASU» баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басылған.

Кітаптың алғашқы бетінде әкелі балалы Қарсақбай Ибрагимов пен Бақытбек Иб­рагимовтың ақ-қара түсті фотосы бар. Екі азаматтың бейнесі жалындаған жастық шақ­тағы қайраткер тұлғаның бейнесін еске салады. Жалпы, жақсы адам туралы оқу қай кезде де жаныңа қуат беріп, мағыналы өмірінен өнеге аларлық әсер қалдырады. Кітаптың тілі жеңіл болғандықтан бір деммен оқып шығып, шын мәнінде, аз ғана ғұмырында талай істі тындырған, туған еліне адал қызмет еткен азаматтың өмірі кинолентадай көз алдыңнан өтеді екен.

Негізінен, естелік кітапта артына өшпес із қалдырған, аға буын өкілдері арасында есімі зор құрметпен аталатын, небәрі 40 жыл ғұмыр кешкен Бақытбек Ибрагимовтың азаматтық болмысы, халқына деген адал қызметі кеңінен айтылады.

«Тарихты тұлғалар жасайды» демекші, тек­тілігімен танылған тұлғаның ұрпақтары ғұмыр­баяндық кітапқа арқау еткен естеліктерді алты бөлімге топтастырған.

Алғы сөзді мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова жазып, тағдырдың жазуымен көп жасамаса да, көргені көп, айтары бар атпал азамат туралы толғанысын жеткізеді. Тектілікті отбасынан алған тәрбиемен бойына сіңірген азамат Бақытбек Ибрагимовтың әкесі Қарсақбай аға мен анасы Күләш апайдың асыл қасиеттерін атайды. Балаларын еңбеккеш, шыншыл, қарапайым болуға баулыған ардақ­ты отбасының отағасы елге сыйлы, жауапты қызметтер атқарса, отанасы – ұлағатты ұстаз болған жан. Өнегелі өмір иесі саналы ғұмырында ұстаздық жолды таңдап, еңбек жолын туып-өскен ауылы С.Сейфуллинде мұғалімдіктен бастаса, 3-4 жыл ішінде өзінің білімділігімен, парасаттылығымен, ұйым­дастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, ау­дандағы №126 орта мектепке директор болып тағайындалады. 25 жасында басшылық қызметті абыроймен атқарып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген азамат Бақытбек Ибрагимов жастардың жалынды жетекшісі бола білген. 1981-1985 жылдары Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, жастар бригадасын ұйымдастыру, оларға мәдени-тұрмыстық жағдай жасау, кадр резервін жасақтау се­кілді жұмыстың басы-қасында жүреді. Іскер азаматтың қарым-қабілеті оны аудандағы ең ірі шаруашылық «Тереңөзек» кеңшары партия ұйымының хатшылығына басшылыққа әкеледі. Өзінің қызметіне деген адалдығының арқасында аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты, Қазақстан комсомолының ХҮ съезінің делегаты болып сайланады.

– Табиғат бойды да, ойды да берген көр­кем, келісті жігіт еді. Сыртқы бейнесімен ішкі рухани байлығы, сөз бен істің бірлігі жарасымды үйлесім тауып тұратын. Бақытбектің адамгершілік қасиеттерін, үлкенге ізетін, кішіге қамқоршылығын, сыпайы, сырбаз мінезін бі­летін аудан жұртшылығы оның келешегінен зор үміт күтетін. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуымен ғұмыры қысқа болып, небәрі 40 жасқа толған шағында ауыр науқастан қайтыс болды. Содан бері 25 жыл, ширек ғасыр өтіпті, – деп еске алады қайраткер А.Божанова.
Ғұмырбаяндық кітаптың алғашқы бөлімі «Айтылған әңгіме, жазылған тарих» деп аталып, марқұм Бақытбек Ибрагимовтің өзі бар кезде баспасөз бетінде жарияланған ма­қалалар, ол жайында жазбалар жазылған.

Кітаптың екінші бөлімі «Қызмет еткен жыл­дарынан» деген атпен Б.Ибрагимовтың қызмет еткен уақытындағы ағалық жол көр­сеткен ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушылары Жақай Бодықбаев, Аббас Камалатдин, ағалы-інілі сыйлас болған Сәбит Отызбаев, комсомол жұмыстарын атқар­ған кездегі байырғы әріптестері Сәбит Серік­баевтың, Абдолла Атақаевтың естеліктері жа­рияланған.

Келесі бөлімдер «Өмір жолындағы достары», «Ағайын-туыс бір қауым», «Шәкіртсіз ұстаз тұл», «Әке салған сүрлеу жол» деп аталып, соңында жұбайы Гүлназ Төлегенқызы мен балаларының естеліктері жазылған.

Кітапта Бақытбек Ибрагимовтың қысқа да болса мағыналы, шуақты өмірі баяндалады. Ардақты азаматтың білімділікпен, пара­саттылықпен, ыждағаттылықпен, іскер-лікпен атқарған қызметтері айтылып, жас ұрпаққа ұлағат болатын тағылымды дүние жаңғырады.

Үлкен жүректі азаматтың қайталанбас тағдыры жайлы жазылған жүрекжарды лебіз­дер мен сағынышқа толы естелік-әңгімелер оқырман қауымның жүрегін тебірентпей қоймайды. Сондықтан жаңа кітап бастан аяқ тұнып тұрған тәрбие және өнеге аларлық мол қазына деп түйіндеймін.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
08 маусым 2021 ж. 719 0