Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспахана ісі баяулаған емес

Баспахана ісі баяулаған емес

Баспасөз қашанда халықтың үні. Оған қай қоғамда да аса зор мән беріледі. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін туған жерім Тереңөзекте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, аудандық спорт бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, кейіннен аудандық баспаханаға директор болып тағайындалдым. Жоғарыда аталған қызметтерде жүріп, ұжымды басқару, олармен жұмыс жасау дағдысы бойымда қалыптасқан болатын. Жаңа ұжымға келгеннен кейін олардың әрқайсысымен жеке танысып, қабілет-қарымын байқап, жұмысты да соған орайластырдық.

Тәжірибелі баспашылар Қалмағанбет Төлегенов, Әнәпия Іскендірова, Қалдыгүл Балшықбаева және тағы басқалары жастарға үлгі болып, баспа ісінің алға басуына мұрындық болды.

Ол кез бен қазіргі жағдайды мүлде салыстыруға болмайды. Онда баспаханада жұмыстың барлығы қолмен істелетін. Кейде техникалық жағдайларға байланысты баспашылар түнімен жұмыс жасап, үйіне таң ата қайтатын уақыттары да болды. Нарықтың өтпелі кезеңінде қиын-қыстау жағдай орын алып, айлық уақытылы берілмей, жалақыны азық-түлікпен алатын да кездер орын алды. Дегенмен біз де сол нарықтық қатынастарға бейімделіп, баспашылардың айлығын уақытында беруге жұмыс жасалды. Оларға жағдай туғызып, қиындықтарды жеңе білдік. Соның арқасында жұмыс та ырғақты болды.

Аудан журналистерінің қазіргі жұмы­сына қызығамын. Әрқайсысының алдында бір-бір компьютер. Бұрынғыдан газеттің форматы да өзгерген. Бояуы да қанық. Олардың аға ұрпақтың өнегелі істерін лайықты жалғастырып жатқанына ризамын.

Баспа ісі адамның рухани дүниесін байытатын тасқа басқан тарих десек артық емес. Осы салада көп жыл жемісті еңбек еткеннен соң көпшіліктің құрметіне бөлендік. Ауданның «Құрметті азаматы» атандық. Аудан басшылары талай мәрте үйімізге келіп, мерекемен құттықтады. Мұның барлығы абыройлы еңбектің арқасы. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегендей мен де бүгінгі жастарға осындай абырой тілеймін.

Сергей ТОҚСАНБАЕВ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы

13 қазан 2020 ж. 385 0