Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихы тағылымды білім ордасы

Тарихы тағылымды білім ордасы

С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп тарихы 1930 жылдан  бастау алады.  Алғаш рет  «1 Май» мектебі Қараөзек бойында Қаратөбе деген жерде Жөлекен мешітінде ашылып, бастауыш мектепте Ыбырай Әбдірахманов атты ұстаз шәкірттерге дәріс берген екен. Міне, сол кезден бері қаншама жыл өтті. Бүгін тарихы бай киелі білім ордасы туралы жазуды жөн санадық.
Көнекөз қариялар 1932 жылы Байсары жерінде жаңадан «Ақ школ» деген мектеп үйі салынған деседі («Ақ школ» деп аталу себебі мектеп үйінің алғаш рет әктелгендігінен). Сол жылдың қысында балалар сабақ оқуды бастағанымен, елде жаппай ашаршылық орын алуына орай оқу ордасы көп ұзамай жабылып қалған.
1933-1934 оқу жылындаел ағалары Құндызды серіктестігінің балаларының басын қайта қосып, Досым деген кісінің екі бөлмелі үйінде төрт сынып бірігіп дәріс алған. Мұғалімі – Орынбай Орынбаев. Балаларға мектепте күніне бір мезгіл тарыдан жасалған тамақ берілген. Парта болмаған соң балалар жерде отырып оқыған.
1934-1935 жылдары «1 Май» серіктестігі Есқұлы ағашының түбінен серіктестік қоймасына жапсырып, екі бөлмелі мектеп үйін салған. Махантай Сейітпенбетов ұстаздық еткен мектепте төрт сынып екі ауысымда білім алса, сол жылы «Құндызды» серіктестігі Бисары түбінен «1 Май» каналының бергі бетіндегі төбенің басынан екі бөлмелі мектеп, бір бөлмелі клуб үйін салған. Қалабай Ділдебаев ұстаздық еткен Құндызды бастауыш мектебінде төрт сынып екі ауысымда оқыған. Онда Жұмағұл Қойсықов әйелі Жамал екеуі отын тасып, от жағып, тазалық жұмыстарын атқарған. Осы мектепте ауылға елеулі еңбек сіңірген Әбжаппар Рахметов, Әбдіғаппар Әбілдаев, Темірқожа Аханов, Әбдікамал Созақбаев, Әміржан Смайылов білім алды.
1935-1936 оқу жылында бұл мектепте оқитын балалар саны артқан. Сол жылдары мұғалімдер Хамит Ақбергенов, Ахат Арысбаев, Сәрсенбай Баяханов, Медетбай Досжанов, Ғаппар Сағындықов балаларға оқу-жазуды үйреткен. Осы мектепте ауылдың түлегі, көп жыл колхоз басқарған іскер азамат Іскендір Аханов Түркістан қаласындағы педучилищенің 2 жылдық курсын бітіргеннен кейін еңбек жолын мұғалім болып бастады.
1937-1938 жылдары «1 Май» мектебі жаңадан ескі формадағы кесектен салынған төрт бөлмелі үйде орталау мектеп болып ашылып, онда толық жеті сыныпта балалар сабақ оқыған. Ол мектепте Төлеп Жәлекеев директор қызметін атқарды. 1942-1943 жылдары сол орталау мектепті Әуезхан Қодаров басқарды.
1942 жылғы тамыз-қазан айларында мектепке Әбдіхалық Бәйменов басшылық жасады. Ол кісі Ұлы Отан соғысына аттанып, қан майданда  1944 жылы ерлікпен қаза тапты. 1943 жылы мектеп директоры Төрехан Қодаров болса,Ким Сен Хи, Әбдіғаппар Смайы­лов, Сарымсақ Әбдіхалықов, Зәкида Атамұратова, Мәлік Абауов, Қасымхан Смайылов мұғалімдік қызмет атқарған. 1944 жылы «1 Май» мектебін Рахымжан Бәйменов, Шәйлан Жаханов, Сәдуақас Қыстауов, Мыңтеңге Әбілқасымова, Үмбігүлсім Маханбетқалиева оқушылар бітірді. Бұл шәкірттер кейін ауданнан өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
1947-1957 жылдары «1 Май» мектебіне Шаймен Сапарбаев басшылық етті. Ол кезде Ким Сен Хи, Сәрсенбай Самалықов, Рақымжан Бәйменов, Әсия Жанабаева, Смадияр Жұмабаев, Әнеш Қуандықов, Сейсенкүл Бәймішова, Қасымхан Нақыпов оқушыларға білім берді.
1955-1964 жылдар аралығында Мәнсұр Есназаров, Қарсақбай Ибрагимов, Сәрсенбай Самалықов, Қанапия Дәрібаев, Нұрхан Жанаев, Күләш Қалиева, Әнеш Қуандықов, Рүстем Алданазаров, Бекен Шәденов, Фания Файзуллина, Молот Жүнісов және Рақымжан Бәйменов осы мектепте ұстаздық етті. Бұл есімдер ауыл тарихына алтынмен жазылды десе болады. Өйткені Мәнсұр Есназаров мектеп басшысы, үлгілі педагог, ұрпақтарының барлығы білім саласында қызмет етті және де бүгінде ізгілікті істі жалғастыруда. Қарсақбай Ибрагимов ағай мен Күләш Қалиева апай ауыл мектебінде өзіндік із қалдырды. Қ.Ибрагимов педагогтік қызметінен кейін шаруашылықтың партия комитеті хатшылығын үлкен абыроймен атқарды. Ұлы Бақытбек Ибрагимов осы мектепте мұғалім болды. Аудандық комсомол комитетін басқарды. Күләш апай 40 жылдан астам уақытын бастауыш сынып бүлдіршіндерін тәрбиелеуге арнады. Бүгінде мектепте сол ұлы жолды Мұрат Қарсақбаев жалғастырып келеді. Осы мектепте қазақтың белгілі ақындары Қанапия Дәрібаев, Нұрхан Жанаев балаларға дәріс берген. Сондай-ақ ауданның білім саласына Рүстем Алданазаров, Молот Жүнісов, Рақымжан Бәйменов, Бекен Шәденов, Фания Файзуллина және тағы басқалар өзіндік із қалдырды.
 «1 Май» мектебінің ескі ғимараты 1953-1954 жылдары колхозшылардың күшімен салынған болатын. 1958-1960 жылдары бастауыш мектепте бала санының артуына байланысты білім ұясы қайтадан орталау мектеп болып құрылымдалды. Бұл білім ұясына Оқас Дәрібаев басшылық етті. Сонымен қатар 1960-1963 жылдары Смағұл Тұрғанбаев, 1963-1965 жылдары Шаймен Сапарбаев,1965-1974 жылдары Мәнсұр Есназаров директорлық қызмет атқарды.
 «1 Май» мектебі 1972 жылға дейін сегіз сыныптық негізгі мектеп ретінде білім беріп келсе, 1974 жылдан бастап  осы күндегі 460 орындық жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Білім ордасына 1974 жылдан 1992 жылға дейін Тәждек Есенов басшылық жасады. Ол 18 жылдық басшылық қызметінде іскер азамат ретінде танылды. Мектептің оқу-тәрбие жүйесі білімді ұстаздармен толықты. Сол кезеңде Тоқшылық Әлиев, Жақан Нұрышов, Молот Жүнісов, Бекен Шаденов, Мырқайдар Мәмбетов, Амангелді Самалықов, Шәкәт Махатова, Күләш Қалиева, Дүйсенкүл Хасенова, Дана Омарова, Мүшдария Бейсебаева, Күләндә Әтірқызы, Рабиға Сәдуақасова, Баян Смайлова, Жұмабек Асанов, Пістегүл Бекжанова,  Айжан Нұрпейісова, Абдулла Мансуров, Гүлсана Ибрагимова, Әлібек Аюпов, Дінислам Мәліков, Бисенкүл Бакирова, Айткүл Қыдырбаева, Гүлнәз Сүлеева, Жанат Смайылова, Төлеген Рахметов, Бақытбек Ибрагимов, Рахия Есназарова, Серікбол Нұрахатов, Бөлеген Рахметов, Шаһарбек Нұрсейітов, Саракүл Ахметова, Бөпеш Байтөреева, Зұлхарнай Тасбергенов, Қаламқас Молдаш, Тұрсынай Мырзағалиева, ТазагүлАхметова, Гүлсім Қожахметова, Камат Смайылов, Ғабит Тұяқбаев, Мейрамбек Сейітмұратов, Гүлбаршын Смайлова оқушыларға тәлімді тәрбие мен сапалы білім беруде өзіндік жолдарын қалыптастырды.
Осы жолдардың авторы өткен ғасырдың 80-жылдардың басында аталмыш білім ұясында еңбек жолын бастады. Сол кезде мектеп ауданның білім ұяларының басшыларын тағайындайтын кадрлар ұясы саналды. Қатардағы мұғалімдер Бақытбек Ибрагимов, Төлеген Рахметов, тағы басқалар үлгілі ұстаз болғандықтан, ауданның белді мекемелеріне қызметтері өсті.  Мектеп тарихында алғаш рет Рахия Есназарова «Алтын белгі» иеленді.  Мектепке ағылшын тілінен лингофондық қабинет келді. Оның жетекшісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Айжан Пірімбетова. Мектептің астыңғы өжіресін алғашқы әскери даярлық сабағының практикалық жұмысына пайдалану үшін тир жасау міндетін сол уақыттағы пән мұғалімі Абдулла Мансуров абыроймен атқарып шықты.
Оқушылар жазғы және күзгі мезгілде ауыл шаруашылық саласына көмектесу мақсатында жылда жазғы және күзгі мезгілде күріш отаққа, күріш масаққа баратын еді.
Мектептің қасында малшылардың балаларын жатқызып, оқытатын интернат (мектептің ескі ғимараты) бар еді. Интернатқа көрші ауылдың да балалары жатқызылатын. Интернатта жатқан балаларды көкөніспен қамтамасыз ету үшін бақша дақылдары егілді. Интернаттың аспазшысы Шахарбану Пірмаханова болды.
1992-1997 жылдары Балтабай Бержаппаров мектеп директоры қызметін атқарды. Заманның қысып тұрған кезі. Мінезге бай, сабырын үнемі серік қылып жүретін Балтабай Бержаппаров басшылық кезінде де мектеп мұғалімдері  жоғары жетістіктерге жете білді. Мектеп басшылығы құрамында болған Ира Есенқұлова, Рая Мұстаяпова мектептің оқу-тәрбие үдерісінде жетістіктерге жетуіне өз үлестерін қосты. Білікті ұстаздар – Зұлқарнай Тасбергенов, Серікгүл Ахметова, Қаламқас Молдаш, Айткүл Қыдырбаева, Ғабит Тұяқбаев жаңашыл ұстаздар ретінде аудан, облысқа тәжірибелері таратылды.
1997-2002 жылдары білім саласының білгірі Серік Есназар мектеп басшылығында абыроймен еңбек етті. Мектептің ауданның білім саласындағы өзіндік орны қалыптасты. Осы кезеңде шығармашылықпен айналысатын ұстаздар – Ләззат Мығымбаева, Маржан Бекжанова, Гүлбахрам Мұстапа оқу-тәрбие үдерісінде жақсы жетістіктерге жетті.
2002-2009 жылдары мектепке Гүлбар Әбілова директор  болды. Осы жылдары мектептің оқу-тәрбие сапасы жаңа деңгейге көтерілді. 2004 жылы мектептің ішкі жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.                             
2008 жылы мектеп оқушылары ҰБТ-де ең жоғары көрсеткішке жетіп,  аудан бойынша І орын иеленді. Барлық оқушы мемлекеттік грант иелінді. Осы жетістіктер бағаланып, мектепке бір компьютер берілді. 
Қазіргі таңда тағылымды 90 жылдық тарихы бар білім ордасын аудандық мәслихат депутаты, менің сүйікті шәкіртім Бағдат Есназар қазіргі заман талабына сай басқарып, жаңартылған білім беру жүйесін жаңашыл бағыттармен жүзеге асырып келеді. Сөйтіп мектеп басшысы алдыңғы толқын ағалар салған ізді лайықты жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығымен жас ұрпақты тәрбиелеуде жақсы нәтижеге жетіп келеді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

15 ақпан 2020 ж. 1 872 0