Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметті құрылысшы

Құрметті құрылысшы

Қазақта «Қарапайым адам – қасиетті адам» деген қастерлі сөз бар. Бұл қарапайымдылықты ту еткен құрметті құрылысшы Асылбек Әбдуовке арналып айтылғандай. Ол ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, салмақты да сырбаз, бауырмал азамат еді. Мен оны бала күнінен білетінмін. Бір көшенің бойында тұрдық. Асқар таудай әкелеріміз бір мектепте, бір сыныпта бірге оқыған, айырылмас достар еді. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында бірі тарих, екіншісі жаратылыстану факультетінде қатар оқып, жоғарғы оқу орнын бітірген­нен кейін аудан мектептерінде көп жыл бірге қызмет жасады.

«Әкесі құрдастың, баласы құрдас» демекші, Асылбектің туған ағасы Талапбекпен аудан орталығындағы №35 орта мектепте бірге оқы­дым. Ал Асылбек болса менен кейінгі інім Сәлімгереймен №88 селолық кәсіптік-техникалық училищеде бірге білім алып, екеуі де оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Сөйтіп, екеуі де жоғарғы оқу орнына түсіп, одан инженер-құрылысшы ма­мандығын алып шықты. Әкелеріміз дос болғаннан кейін біздер бір-бірімізді ағалы-інідей жақын тұттық. Сұлтанбек әке мен Сәнім анадан тараған 6 ұл тәртіпті, тәрбиелі болып ер жетті. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, Асылбек Сұлтанбекұлының атасы Әбду Найзабаев өз дәуірінде ауданның бетке ұстар азаматы болған. Абыройлы азамат аудандық милиция бөлімін басқарған. Әкесі Сұлтанбектің туған ағасы Уәлибек Әбдуов Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер еді. Ол кісі көп жыл аудандық ардагерлер кеңесін басқарды. Ісімен де, сөзімін де көпшілікке үлгі-өнеге бола білді. Осындай тектілердің ұрпағы Асылбек жоғарғы оқу орнын бітіргеннен бастап, өмірінің соңына дейін туған жері Тереңөзекті тү­лету жолында талмай қызмет жасады.

Азаматтың асыл мұраты – халық қамы, елге қызмет ету дейтін болсақ, жан әлемі әсемдік пен әдімілікке құштар Асылбек – Тереңөзек кентінің көркеюіне, ауданның құрылыс саласының дамуына көп еңбек сіңірген азамат. Еңбек жолын социалистік қоғамда бастағанымен оның жалынды жастық жылдары еліміз тәуелсіздік алған ауырлау кезеңге тап келіп, білікті маман өз ісіне деген сүйіспеншілікпен кездес-кен қиыншылықтарды жеңе білді. Бұл ретте нарықтық қатынас кезеңінде өзі басқарған ХРСУ мекемесін таратпай сақтап, тұрғын үйлер, басқа да құрылыстар салғанын айтсақ та жеткілікті. Қолынан іс келетін шебер құрылысшы іскерлігі мен біліктілігінің арқасында бірнеше мекемені басқарды. Ауданның құрылыс саласына жетекшілік етті.

– Асылбек іскер азамат еді. Аудан орталығы мен ауылдардағы құрылыстарда оның жарқын қолтаңбасы бар. Адал еңбегімен елге сыйлы болды. Құрылыс саласының тәжірибелі маманын сұм ажал арамыздан ерте алып кеткені өкінішті, – дейді «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», құрылыс саласының ардагері Төлеу Сүлейменов.

«Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, Асылбек Сұлтанбекұлы адамгершілігі мол, отбасында сүйікті жар, абзал әке, қамқор ата, жұмысында білікті маман болды.

– Асылбекке мен бір риза болатыным қиын уақытта ХРСУ мекемесін басқарып, таратпай, кәсіпорынды ұстап тұрды. Әрі ауданда құ­рылыс жұмыстарының жандануына айрықша еңбек сіңірді, – дейді жоғары білімді инженер-құрылысшы Мектепхан Елеусінов. Бұл кезеңде көптеген мекемелер нарық толқынына шыдас бермей, ескексіз қайық тәрізді жағаға шы­ғып қалған болатын. Білікті басшы А.Әбдуов жоқтан бар құрап, қосымша көздерді іздестіріп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп, қарамағындағы жұ­мысшыларға нәпақа тауып берді.

Қашанда «қолымыздан қайрат, санамыздан ақыл кетпесе, жақсылыққа жетеріміз хақ» деген ұстаныммен ерен еңбек еткен Асылбек Әбдуов көптеген марапаттарға ие болды. «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атанды, аудандық мәс­лихаттың депутаты болып сайланды. Есімі Қа­зақстанның құрылыс саласының «Құрмет» кіта­бына енді.

Әбдуовтер әулетін ауданда білмейтін жан жоқ. Өнегелі отбасының иелері Асылбек пен Балшекер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жемісті еңбек етті. Білікті басшылар қызметтің барлық сатысынан өтті. Қай салада еңбек етсе де абыройлы болды, үлкенмен де, кішімен де тіл табысты. Оның ішінде ең ауыр сала – құрылыс саласының қазанында қайнау екінің бірінің қолынан келмейтінін атап өту керек. Облыс, аудан әкімдерінің тапсырмасын, халықтың талап-тілегін уақытылы, сапалы орындай білген Асылбек алдыңғы буынға жақсы іні, кейінгі толқынға ақылшы ұстаз болды.

Осыдан екі жыл бұрын кенттің жаңа қоныстану аймағына үй салып, сол маңда тұрып жатқан жа­йымыз бар. Бүгінде бұл аймақта жеке тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы аумақтың негізінің қалануына аудан басшыларымен бірге құрылыс бөлімінің жетекшісі Асылбек Әбдуов айрықша үлес қосқанын жұртшылық жақсы бі­леді. «Қызылорда-Жалағаш» трассасының қос қапталында орналасқан құрылыс алаңына әсі­ресе аудан қонақтары қызыға қарайды. Бұл – Асекеңнің орындалған арманының жемісі. Ол «Әйтек» каналының сол жағалауын жаңартып, жаңғыртсақ, кенттің кіреберісі гүлденсе деп жиі айтатын және сол іске аудан басшыларымен бірге өзі де бастамашы болды.

– Асекеңнің ауданның дамуына қосқан үлесі мол. Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ауданда салынған әрбір көпқабатты тұрғын үйде оның қолтаңбасы бар. Ол бір сөзбен айтқанда, аудан үшін туып, аудан үшін еңбек еткен, барлық ғұмыры осы жерде өткен азамат, – дейді кент ар­дагері Зайдағали Жүсіпбайұлы.

Иә, Асылбек Әбдуов аудандық құрылыс бөлі­мінің басшысы қызметін атқарған уақытта құрылыс саласымен қатар ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге де қызмет етті. Талай рет аудан басшыларымен бірге бас қалаға дейін барып, ауыз су мәселесін республикалық дәрежеде қорғады, бюджеттен қаржы бөлінуін дәлелдеді. Қазір аудан тұрғындарының тәулік бойы таза ауыз су ішіп отырғаны сол қажырлы еңбектің нәтижесі.

– Соңғы бір жыл отбасымыз үшін оңай болған жоқ. Ең қимас, ең қадірлі екі асқар тауымыздан айырылдық. Бұл қаза біздің ғана емес, бүтін бір елдің қайғысы болды. Әкелеріміздің жүріп өткен жолы, атқарған қызметі біз үшін өнеге болып қала береді. Олардың еңбегі тарихқа алтын әріппен жазылды. Есімдерін мәңгі ету мақсатында біз бүгінде бірқатар жұмысты бас­тап кеттік. Соның ішінде әкеміз Асылбек Әбдуов атындағы шәкіртақының тағайындалуы. Яғни біз аудандағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің үздік оқушыларына ұрпақтарының атынан маусым айындағы аттестат табыстау салтанатында шәкіртақы үлестіретін боламыз, – дейді А.Асылбекқызы.

Жақсының аты өшпейді. Көзі тірісінде сауапты істер жасап, халықтың құрметіне бөленген Асылбек Әбдуовтің ауданның құрылыс саласының тарихына есімі алтын әріппен жазылғаны анық.



Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
25 мамыр 2021 ж. 940 0