«Аңсаған сәби»: Шаңыраққа шаттық сыйлайды
Бала – бақыт... Бала – көзіңнің нұры, ұрпағыңның жалғасы. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген қазақ дүниеге ұрпақ әкеліп, үрім-бұтағын жалғастыруды үлкен бақытқа балаған. Кейінгі кезде бауыр етінен баз кешетіндердің көбейіп тұрғаны көңілге қаяу салады. Себебі, бәз біреулер бала сүюге зар. «Біреу тоңып, біреу тойып секіредінің» кері. Бедеуліктің бір түрі туа бітсе, енді бірі жүре пайда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұрынырақ жасаған сараптамасында әлемде 50 миллионға жуық адам белсіздік пен бедеуліктің кеселіне ұшыраған. Статистикада шамалап көрсетілген сандардың бұл күнде артпаса, кемімегені анық. Себебі, ғалымдар дәл осы дерттің басым көпшілігі бүгінгі экологиялық жағдай мен құнарсыз тағамның кесірінен көбейіп отыр деп болжайды.
ЭКҰ ДЕГЕН НЕ? ОНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Ғылым мен техника дамыған заманда бұл мәселенің де медициналық жолы табылған. Және жылына мыңдаған ерлі-зайыпты не жалғыз басты әйел жасанды жолмен балалы болады. Иә, экстракорпоральды немесе жасанды жолмен ұрықтандыру (ЭКҰ) туралы сөз қозғамақпыз. «Бесігім бос қалмасын» дейтін халық кезінде ұрпақсыздықтың кесірін көп тартпағанымен, бүгінде белең алған дерттің дауы мемлекет тарапынан талқылауды қажет етіп отыр.
ЭКҰ ұғымына анықтама беріп өтсек, бұл – бедеулік кезінде қолданылатын қосымша репродуктивті технология. Яғни, өздігінен бала көтере алмайтын немесе денсаулығы жарамайтын, бірақ сәби иісін аңсаған жан үлкен үміт артатын медициналық процедура. Бүгінде осындай жасанды жолмен дүниежүзі бойынша 6,5 миллионнан аса бала өмірге келген.
Қазақстанда жылына 20000 жұп осындай дерт дендеп мамандарға жүгінеді. Дегенмен, жасанды жолмен ұрықтандыру – мәселенің түбегейлі шешімі деген сөз емес. Бір дегеннен 100% нәтижеге жету кездесе бермейді. Алғашқы процедураның нәтижелі болу мүмкіндігі тек 35%-45% аралығында. «Үмітсіз – шайтанның» керін келтіріп, он шақты рет тәуекелге бел буғандар да бар.
Мүмкіндігі жоқ жанға жасанды жолмен балалы болудың құны да едәуір. Табиғи жолы тағдырына жазылмаса, құнын төлеп құшағына сәби алудан үміттенсе болады. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, бала болу мүмкіндігі жүз пайыз емес. Посткеңестік елдердегі қызмет құнымен салыстырғанда Қазақстанда ЭКҰ жасату арзанырақ. Сондықтан бізге шет елден емделушілер көп келеді. Хош, құнын айтсақ, Қазақстанда жасанды ұрықтандыру 350 000 теңгеден басталады. Дәрігер кеңесі, ай сайынғы анализдер мен қосымша қызметтерді қосқанда, «құндағым құр қалмасын» десең, кемі 800 000 теңге «құрбан ет» дейді мамандар. «Балам – көзімнің ағы мен қарасы» дейтін қазақ ізін жалғар бір сәби үшін миллион теңгесін аямас еді, егер бар болса...
«АҢСАҒАН СӘБИ» АЯСЫНДА КВОТА САНЫ ЖЕТІ ЕСЕ КӨБЕЙДІ
Болмаса, тағы бір жолы бар. Ол – мемлекет тарапынан бөлінетін тегін квота. Бұған дейін жылына 1000 ғана квота берілгендіктен, бұдан бұйырған бақ та жиырманың біріне ғана үлестірілетін.
Өткен 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма беріп, 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бастау алды. Ол бойынша ЭКҰ бағдарламалары арқылы берілетін квота санын 7 мыңға дейін көбейту міндеттелген.
Айта кетейік, 50 жылдан аса тарихы бар (тұңғыш рет жасанды ұрықтандыру 43 жыл бұрын нәтиже берген) экстракорпоралдық ұрықтандыру Қазақстанға 1995 жылы енгізілді. Денеден тыс ұрықтандыру әдісін елге әкелген репродуктолог-эмбриолог ғалым Салтанат Байқошқарова.
Алғашында тек ақылы түрде жүзеге асқан процедура үшін 2010 жылдан бері квота бөліне бастаған. Сандарды сөйлетсек, осы уақытқа дейін елде жасалған ЭКҰ саны жеті мыңға жуықтап, нәтижесінде 3000 сәби жарық дүние есігін ашқан. Осы жылдан тегін жолдама санының бұрынғыдан жеті есеге көбеюі – көп отбасыға үміт сыйлап отыр. Аталған шараны жүзеге асыру үшін Медициналық сақтандыру қорынан 6,2 миллиард теңге бөлу көзделген. Қор ЭКҰ бағдарламасын қаржыландыруды 2018 жылдан бастап қолға алған.
Біздің елде Денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42%-ға дейін артқан. Бұл дегеніміз, біздегі көрсеткіш ең жақсы еуропалық клиникалармен шамалас дегенді білдіреді.
Мемлекет басшысының бұйрығымен осы жылдан бастап квота санының жеті есеге ұлғаюы, сәйкесінше, бұл мүмкіндікті алу кезегін азайтып, ұзын-сонар тізімді қысқартуға ықпал етіп отыр. Бүгінгі күні елімізде бедеулік дертімен 11030 әйел (сарапшылар негізінде бұдан да көп екенін айтады) тіркелген. Яғни, осы жылда олардың 70%-ға жуығы «бақ сынап көруге» мүмкіндік ала алады. Бір ескеретін шаруа, шаңырақта шақалақтың болмауы әйелдің ғана «соры» емес. Соған сәйкес емделуге ер адам да міндетті. Бүгінде еркектер арасында да бұл дерттің белең алып тұрғанын ескерсек, бала болмауының себебі бедеулік пе, белсіздік пе, алдымен анықтап алу қажеттігі туындайды.
ЭКҰ ҚЫЗМЕТІН КІМДЕР АЛА АЛАДЫ?
Бір жыл ішінде арнайы емделіп, сонда да сәби сүйе алмаған жағдайда, сондай-ақ денсаулығына орай бала көтере алмаған жұптар жасанды ұрықтандыруға жүгіне алады. Бұл қызметтен тек ерлі-зайыптылар ғана емес, заңды түрде некелеспегендер де үмітті. Тек соңғы жағдайда міндетті түрде екі тараптың жазбаша келісімін алу қажет. Ал тұрмыс құрмаған әйел ЭКҰ-ға жүгінсе, онда мемлекет тарапынан квота берілмейді. Сондай-ақ, тегін жолдаманы алу үшін Қазақстан азаматы болу мен Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық көрсеткіштерге сай болу да ескеріледі. Елімізде 18-ден 42 жасқа дейінгілерге ЭҚҰ қызметіне жүгіну мүмкіндігі бар.
Туа біткен не жүре пайда болған жатыр ауытқулары мен соматикалық, психикалық бұзылу, аналық без ісіктері, жедел қабыну, аты жаман аурумен ауыратындарға ЭКҰ жасатуға тыйым салынады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ДТҰ процедурасын жылына бір рет алуға болады. Жасанды жолмен ұрықтандыру жүргізу ережелері мен оған байланысты іс-шаралар туралы толық ақпарат «Көмекші репродуктивті әдістердің ережелері мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 15 желтоқсанында жариялаған бұйрығында көрсетілген.
ЖАСАНДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ ҰРПАҚҚА ЗИЯН БА?
Еуропа елдерінде балалардың 3%-ы ЭКҰ көмегімен туылған болса, біздің елдегі көрсеткіш 0,3%-ды құрайды. Дамыған елдердің басым көпшілігінде жасанды ұрықтандыру жүргізу толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Мысалы, Израильде бала сүйе алмаған ерлі-зайыптыларға екінші баласын бауырына басқанға дейін шектеусіз квота беріліп отырады. Ал Франция бұндай жұптарға төрт рет тегін мүмкіндік сыйласа, Аргентина үш рет, көршілес Ресей трансплантациядан сәтті нәтиже алынбайынша жыл сайын тегін қызмет көрсетуге әзір. Австралия өз азаматтарына 49 жасқа дейін шексіз байқап көру мүмкіндігін ұсынады. Қазақстандағы жағдайдың басқа елдерден айырмашылығы, еліміз қазір баласы бар отбасыларға екінші, үшінші баласын дүниеге әкелу үшін жеңілдетілген ЭКҰ бағдарламасын бекітуге дайын.
ЭКҰ ұғымы Қазақстанға алғаш келгенде, қазақы менталитет бұны бірден қабылдай алмады. Уақыт өте келе мән-жайға қанық болған осы процедураға мұқтаж жандар жасанды жолмен сәбилі болуды дұрыс шешім деп қабылдай бастаған. Жоғарыдағы статистикалық мәліметтер сөзімізге дәлел. Репродуктолог мамандардың айтуынша, бұл күнде қазақ қоғамының жасанды ұрықтандыруға деген көзқарасы қатты өзгере қоймағанымен, әуелгідей емес.
Қазақстанда алғаш экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген қыз бала бұл күнде жиырма бес жасты еңсерген. Ұлыбританияның танымал университеттерінің бірінде білім алған оның денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Елімізде жасанды ұрықтандыру арқылы туылған балалардың алды қазірде отбасылы, кейбірі ата-ана мәртебесіне ие. Жақында ғана әлеуметтік желілерде «Қазақстанда ЭКҰ арқылы дүниеге келген қыз ана атанды» деген ақпарат тарағаны жаңалықты құр жібермейтін көпшіліктің есінде. Осыдан ширек ғасыр бұрын жасанды жолмен дүниеге келген қыз бала қазан айының ортасында табиғи жолмен әрі дені сау сәбиін бауырына басқан. Ал әлем бойынша алғашқы ЭКҰ-сәби – Луиза Браун есімді әйел, оның бүгінде үш баласы бар. Сондықтан ел арасындағы «ЭКҰ-мен туылған адам ұрпақ жалғастыра алмайды» деген түсінік жай ғана қауесет.
Дүниежүзі ғалымдары ЭКҰ арқылы туылған балалардың денсаулығын жан-жақты зерттей отырып, бұл әдістің адам денсаулығына еш зиян тигізбейтінін анықтаған. Медицинада осы әдісті тапқан биолог ғалым Роберт Эдвардсқа 2010 жылы «Нобель сыйлығы» берілгенін айта кеткеніміз жөн. Яғни, жасанды жолмен туылған баланың табиғи жолмен дүниеге келген сәбиден еш айырмашылығы жоқ. Дегенмен, мамандар жүре пайда болған бедеулік пен белсіздік дертіне бағыттап «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» ұсынады.
ТҮЙІН
Түзу тәрбие, дұрыс тамақтану мен саламатты өмір салты – ұлттың ұлағатты ұрпағын көбейтудің басты шарты. Ал бедеулік пен белсіздікті уақытылы және дер кезінде емдеу қажет.
Қазақстандағы ЭКҰ бағдарламасының пайда болғанына 25 жыл уақыт өткен. Жасанды жолмен ұрықтандыру, әр ананың «аңсаған сәбиін» құшаққа алып, бауырына басуына жағдай жасауға мемлекет тарапынан мән беріліп отырғандығы көңілді қуантады. Елде бұл сала бойынша емделуге квота 2010 жылдан бастап бөліне бастаған. Әу баста бар-жоғы 100-300 жолдама беріліп, кейінгі жылдары 1000-ға жеткен квота санын экономикалық қиындықтарға қарамастан бірден 7000-ға көбейту – ТМД елдерінің ешқайсысы бармаған батыл қадам. Президентіміз отбасылық-демографиялық жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Елдегі әрбір алтыншы ерлі-зайыптының балалы болу мүмкіндігі жоқ. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Қазақстандағы ажырасу жағдайының 20 пайызында негізгі себептің осы екендігін ескерсек, елімізде ендігі ажырасу да азайса керек.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ