Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша облысқа 281 квота бөлінді

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша облысқа 281 квота бөлінді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Осы орайда «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен биыл квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді. Қызылорда облысына оның 281-і бөлінді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімінің маманы Мира Мырзаханова мәлімдеді.

«Бала сүйе алмау - бүгінде медициналық қана емес, әлеуметтік мәселелердің бірі. «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен Қызылорда облысына 281 квота бөлініп, осы күнге дейін 164 отбасы порталға салынды, ЭКО орталықтарына жолданды. Бұл жоспардың 56 пайызын құрап отыр, оның ішінде жүктілік - 108 жағдайда тіркеліп (65%), оның 17 түсікпен (10%) аяқталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 45-60% жағдайда әйелдер бала көтереді», - деді Мира Айтжанқызы.

Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге репродуктивті жасы 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет. Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы болған жағдайларда ғана мамандар науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша ұрпақ өрбіту жасындагы әйелдердің саны - 178 296. Сонымен қатар 6320 бедеу отбасы бар, олардың бедеулігіне сәйкес, әйелдері - 3819, ерлері - 2501. Эко жасатуға кезекте тұрған отбасы саны - 656. Сондай-ақ, қолдан ұрықтандыру бағдарламасы негізінде былтыр 44 квота берілген. Бүгінде 25 әйелде жүктілік бар.

26 тамыз 2021 ж. 302 0