Тәу етеріміз – Тәуелсіздік
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арманы болған ұлы тәуелсіздікке – 30 жыл! Ел бірлігінің бастауы, арман-мақсатымыздың асқарына айналған Тәуелсіздік – тәу етер киеміз. Егемендік жылдарында ғасырға бергісіз қиындықты еңсеріп, қазақ халқы талай шыңдарды бағындырды, жетістікке жетті.
Осыдан 30 жыл бұрын ұлан-байтақ қазақ жеріне келген Тәуелсіздік елімізге бақ-берекесімен келді. Бүгінде бейбітшіліктің бесігінде тербелген Қазақстан талай ұлт пен ұлыстың сүйікті Отанына айналды. Өркениет жолындағы мемлекет өз дербестігін жариялағаннан кейін алдына үлкен мақсат қойды. Ол – әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жоспары болатын.
Бүгінде жүрегі «Отаным», «Туған жерім» деп соғатын барша қазақстандықтың арманы орындалды. Халқымыз ата-бабадан аманат етілген мирасты, өнегелі дәстүрді, ауызбіршілік пен Отанға деген махаббатты, бауырмалдықты, кең пейіл дархан көңілін жоғалтпады. Қандай да қиындыққа төтеп беріп, азапты жылдарда мойымады. Берекелі тірлік пен ынтымақты бәрінен биік ұстады.
Әрбір саналы азамат үшін азаттық ұғымының орны бөлек. Оның құдіретін жан дүниемізбен сезінуге тиіспіз. Еңселі егемендіктің туы желбіреген 30 жыл ішінде орасан зор жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақтың сайын даласында жас мемлекет құрылып, аз ғана уақыт ішінде дамудың даңғыл жолына түстік. «Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Тарихи тұрғыдан қарғанда көп уақыт болмаса да осы 30 жыл ішінде еліміздің өмірі жаңарып, түбегейлі өзгерістер жасалды» деген еді Елбасы өз естелігінде.
Қазір ел экономикасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, жердің бүтіндігі мен елдің тұтастығының қамтамасыз етілуі де қажырлы еңбектің нәтижесі.
Жалпы Тәуелсіздікті жариялаған жылдан бастап ұлттық тарихи сананы, ұлттық рухты қалыптастыру мемлекет алдындағы басты міндет болып белгіленді. Дамудың басым бағыттары ретінде мемлекеттік бағдарламалар іске асты. Бүгінгі барлық жемісті жетістіктерімізге еңселі егемендіктің арқасында қол жеткіздік.
Мәңгілік құндылық ретінде бағаланатын Тәуелсіздіктің ғұмыры баянды болғай! Мәңгілік ел жолында елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, күш-жігерімізді жұмылдырып, ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайта берейік.
Бибісара ЖАНӘЛІ