Тәуелсіздік - баға жетпес құндылық
Тәуелсіздік - баға жетпес құндылық. Асқақ армандар мен қайсар рухтың жемісі. Тарихқа шегініс жасасақ, осыдан бес жүз елу жыл бұрын Қазақ хандығын құрып, алғаш туын тіккен Керей мен Жәнібек хандардың есімдері бүгінде ел тарихында алтын әріптермен жазулы. Сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өттік. Бірақ, ұшса құстың қанаты талатын ұлан байтақ даланы ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен жаудан сақтап, ұрпаққа аманат етті. Егемендікке қол жеткізу жолында еліміз қаншама ауыртпалықты бастан кешті. Ата-бабалар арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда орындалды. Дәл осы атаулы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің шешімімен “Тәуелсіздік пен мемлекеттің Егемендігі туралы” Заң қабылданды. Содан бері, жиырма тоғыз жыл уақыт өтті. Қысқа мерзім ішінде Қазақстан өсіп-өркендеп, әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің қатарына енді. Ұлтты ұйыстырып, шекарамызды шегендеп, еңсесін тіктеді. Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта өз орнын қалыптастырған дербес мемлекет ретінде танылды. Экономикасы мықты, болашаққа үлкен жоспарлары бар іргелі мемлекетке айналды. Ел дамуы жолында түрлі стратегиялық бағдарламалар мен саяси реформалар қабылданды. Егемендіктің арқасында халқымыз төл тарихын, өнерін, мәдениетін жаңғыртты. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жеткен жетістігі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасымыз ғылым мен білім саласын қатар дамыту керектігін айтты. Білім жүйесін реформалау арқылы болашақ жастарды бәсекеге қабілетті маман болатынына сенім білдірді. Осы ретте, «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» ғылымның зияткерлік әлеуетін нығайту үшін талантты жастар мен жоғары білікті мамандарды ғылымға тарту, ағылшын тілін меңгеру деңгейін жоғарылату және технологиялық даму, инновация саласындағы дағдыларды күшейту жөнінде басымдықтарды іске асыру нақты көрсетілген.
Ел егемендігін алғалы өңірде 164 мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті. Бұл білім саласына деген қолдаудың белгісі деп білемін. Облыстағы іргелі білім ордасы М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі өз тарихында талай шәкіртті түлетті. Қазір осы мектеп қабырғасында алған ілімінің арқасында әртүрлі салада қажырлы еңбек етуде.
Білімді ел – білікті ел. Тәуелсіздік – еліміздің білім саласын әлемдік деңгейге шығаруға септігін тигізгені сөзсіз.
Аман АҒЫБАЕВ,
М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің
дене шынықтыру пәні мұғалімі
дене шынықтыру пәні мұғалімі