Арайлы азаттық – қазаққа ғажап құт
Тәуелсіздік – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Арайлы азаттық – қазаққа ғажап құт. Осыдан 28 жыл бұрын еңсесін тіктеп, егемендігін жариялаған, көк туын желбіретіп, Әнұранын шарықтатқан мемлекетімізді бүгінде төрткүл дүние мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табысқа жетті.
Бұл күн – қазақ халқы үшін ерекше қастерлі, қасиетті күн. Өйткені ұшса құстың қанаты талатын, шапса аттың табаны тозатын ұлан-ғайыр атырапты бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, аманат етті. Ата-баба арман еткен азаттыққа бүгінгі бейбіт елдің ұрпағы жетіп, Тәуелсіз мемлекетті тұғырлы ету жолында аянбай еңбек етуде.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген елеулі табысқа қол жеткіздік. Еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігі орныққаннан кейін ұлттық қауіпсіздікке басымдық берілді. Қазақстан халқының өз болашағына деген сенімі мемлекет экономиканың жедел қарқынмен дамуына айрықша ықпал етті. Ішкі және сыртқы саясатты Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дұрыс қалыптастыра білуінің нәтижесінде қазіргі замандағы өркениетті мемлекеттер қауымдастығында іргелі елге айналдық. Әлемнің алпауыт елдері стратегиялық бағыты айқын, тұғыры биік Қазақстан мемлекетімен санасатын деңгейге жетті. Бұл ширек ғасырдан аса уақытта еңсесін тіктеп, дамуы қарыштаған мемлекеттің айқын жетістігі. Сондықтан 16 желтоқсан – Тәуелсіз мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен бас иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген қастерлі сезімін ұялататын осынау мереке алдағы күнге нық сенімді қалыптастырады.
Халқымызда атамекенді ардақтау, дамуына үлес қосу – ерекше маңызға ие. Отанды сүю жанымызға ана сүтімен дарыған. Қазақ халқыняың «Отан – оттан да ыстық» деген даналық пікірін ойлап қарасақ, ата-бабамыздың арманы – елін, жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу әрбір саналы азаматқа парыз болғанын аңғарамыз. Болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір осынау ізгі мұратты «Мәңгілік Елге» ұластыруымыз қажет. Қоғамдық өмір сабақтары мен мемлекеттің мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды алға қойды. Ата-бабаларымыздың жүрегінде Тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр. Сол себепті Қазақстанның гүлденіп, өсіп-өркендеуі жолында әрбір қазақстандық аянбай еңбек етуі тиіс, Тәуелсіздіктің қадірін ұғынуы керек. Сонда ғана айналасы аз уақытта адам танымастай өзгерген егемен еліміздің елдігі тұғырлы болмақ!
Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылығымызды ұлықтап, ұлттық намысты оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш халық ретінде танытқан Тәуелсіздік күнінде еліміздің туы асқақтап, келешегі кемелдене берсін!
Абдрахман Абдулла,
Сырдария аудандық сотының төраға міндетін атқарушы,
Заңгерлер Одағының мүшесі