Тәуелсіздік – киелі құндылық
Азаттық – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі құндылығы. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жер тамырында жатқан құдіретті сөз. Бұл күн қазақ халқы үшін ерекше қастерлі, қасиетті күн. Өйткені ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр атырапты бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етті. Еліміз Тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жылға жуықтады. Осы жылдар ішінде зайырлы мемлекетіміз етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына егеменді ел болды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы қазақ халқының тарихындағы шын мәніндегі ұлы оқиға болды. Желтоқсанның ызғары мен желіне қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында отаршылдықтан арылып, өз алдына мемлекет болып қалыптастық. Еліміздің егемендігі мен мемлекеттігі орныққаннан кейін ұлттық қауіпсіздікке, сыртқы және ішкі саясатқан басымдық беріліп, көптеген маңызды реформалар қабылданды. Соның ішінде еліміздің салты мен дәстүрі қайта жанданып, өзінің табиғи даму жолына қайта түсті. Мәдениеті мен экономикасы қалыптасты. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болса, ұлттық валютамыз – теңге айналымға еніп, банк жүйесі жаңғырды. Сөйтіп, мемлекеттің іргесі қаланып, ел Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Қысқа уақыт ішінде әлемнің екі жүзден астам мемлекеті еліміздің тәуелсіздігін таныды. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастықтың беделді бір мүшесіне айналды. Экономикалық табысты реформалар қабылданып, тиісінше Қазақстан «Еуразияның жарқыраған жұлдызы» деген атауға ие болды. Елдің бас қаласы Алматыдан Астанаға көшіріліп, Сарыарқа төсінде әлемге үлгілі де көрікті шаһар бой көтерді. Қаншама құндылықтарымызды отыз жыл ішінде жүзеге асыруды үлкен мақсатқа айналдырған еліміздің астанасы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы деп аталады. Қазір еліміздің ішкі, сыртқы экономикасы дамыған мемлекеттермен тығыз байланыс орнаған.
Халқымызда атамекенді ардақтау, дамуына үлес қосу – ерекше маңызға ие. Отанды қастерлеу – әрбір азаматтың парызы. Ұлтымызда «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген сөз бар, оны бағалау бойымызға ана сүтімен дарыған қасиет. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Болашақта тыныш өмірдің негізін қалау үшін қазір осынау ізгі мұратты «Мәңгілік елге» ұластырудамыз. Себебі Тәуелсіздік ащы термен келген тәтті жеңіс. Оны құрметтеу, сақтау – баршаға міндет.
Еліміз бүгінде көп ұлтты зайырлы мемлекет. Осы уақытқа дейін мемлекет қаншама саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге бастамашы болды. Отыз жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында еліміз өркендеп, нығайып, халықаралық беделі артты. Бұл біз үшін зор жетістік.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын.
Айдана ҚАЛИЕВА