Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды

Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сырдария аудан­дық «Тір­шілік тынысы» газеті редакциясының және аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікті жырлай­мын» атты аудан­дық жазба ақындар мүшәйрасы жария­лан­ған болатын. Егемендік мерекесі қарсаңында жыр бәйгесі қоры­тындыланып, жеңім­паздар «Алғыс хатпен», бағалы сый­лық­ және қаржылай сыйақымен марапатталды.

Газет ұжымы мен мәдениет үйінің бірлескен жо­басының негізгі мақсаты жергілікті ақындардың тұ­ғырлы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, құндылығын жыр­­лауға, оның ішінде, тоқсан жылдан астам тарихы бар Сырдария ауданының жетістіктерін, жасампаз жа­ңа­лықтарын өлең тілінде насихаттауға бағытталды. Мүшәйраға Тереңөзек кенті мен ауылдық округтердің бар­лығынан талапкерлер қатысып, қазылар алқасы­ның назарына өлеңдерін ұсынды. Ақындар мүшәйра шарты бойынша бірінші кезеңде Тәуелсіздікке арна­ған жырларын оқыса, екінші кезеңде патриоттық тақы­рыпты қамтыды.

Мүшәйрада аудандық газеттің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы сөз сөй­леп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы пікір білдірді.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – еліміз үшін ма­ңызды меже, айтулы белес. Қазақстан бұл кезеңге ірі жетістіктермен жетіп отыр. Ал ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Біз әрдайым Тәуелсіздігімізді сақтауға, қорғауға және нығайтуға күш салуымыз қажет. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы бағытта бәріміз жұмылып, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін. Егемендік мерекесі қарсаңында біз жазба ақындар мүшәйрасын өткізіп, ақындарға шығармашылық серпін сыйлауды жөн көрдік. Бар­шаңызға сәттілік тілеймін, өлең өлкесінде жақсы қырларыңызбен, жалынды жырларыңызбен таныла беріңіздер, – деген бас редактор ақындарға сәттілік тіледі.

Бұдан бөлек, аудандық мәдениет үйінің директоры, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Нұрхан Көшербаев Тәуелсіздік жылдарында өнер саласының өрісі кеңейіп, мәдениет қызметкерлерінің мерейі арт­қанын тілге тиек етті.

– Қазақ халқының ерекшелігі – болмысында, ті­лінде, ділінде, руханияты мен өнерінде. Тәуелсіздік қазақ өнері мен мәдениетіне мұқалмас жігер сыйлады. Өнер кеңістігі кеңейді. Мәдениетіміз көнені жаңғырта отырып, жаңа көркемдік сипатқа ие болды. Бүгінгі шы­ғармашылық іс-шараның жас ақындарға берері көп. Ақындар Тәуелсіздікті жырлап, азаттық ұғымының құндылығын паш етсе, өлеңдері де, өлеңге айналған өмірлері де тарихымызда таңбаланады. Сондықтан қатысушы талапкерлерге ризашылығымды білдіремін, біз алдағы уақытта да аудандық газет редакциясымен бірлесе ауқымды жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры.

Мүшәйрада қазылар алқасы талапкерлердің өлең­дерінің мазмұнына, ой ұтқырлығына, тақырыпты талдап, таразылап, жыр тілінде жеткізе білу қабілетіне ерекше назар аударды. Қазылар алқасының төрағасы, аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иегері Ә.Тоқаяқов болса, ақын М.Мансұров пен журналист Б.Ордабеков өлеңдердің әділ бағалануына өз үлестерін қосты. Соның негізінде қазылар алқасының бірлескен ше­шімімен аудандық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесіне Шіркейлі ауылының атынан қатысқан Биболат Опабеков лайықты деп танылды. Ал ақжармалық Айтмағанбет Темірхановқа жүлделі бірінші орын бе­рілді. Жетікөл ауылынан қатысушы талапкер Қанат Көзейбай екінші орын иеленсе, Нағи Ілиясов ауылынан қатысушы талапкер Жанерке Байсынова үшінші орынмен марапатталды. Атап өту керек, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтапов атындағы арнайы жүлде мен қаржылай сыйақы №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Фариза Жұматаеваға бұ­йырды. Сондай-ақ, жас ақынның ұстазы, №131 Т.Қо­зыбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Л.Майхановаға да «Алғыс хат» берілді.
Осылайша, мүшәйра жоғары деңгейде қорытын­дыланып, жүлдегер ақындар алғыс арқалап, бағалы сыйлықтарға ие болды. Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

А.СЕЙІЛОВ
11 желтоқсан 2021 ж. 317 0