Жыр арқауы – батыр ерлігі
Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына орай облыстық деңгейде жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр бәйгесі карантин талаптарына сәйкес онлайн форматта ұйымдастырылды. Талапкерлер екі кезең бойынша жазған шығармаларын қазылар алқасына жазбаша түрде ұсынды.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Н.Ілиясов ауылы әкімдігінің қолдауымен, Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен мүшәйраға Қызылорда қаласы мен аудандардан барлығы 18 ақын қатысты. Талапкерлердің туындыларын ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы, қаламгер, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбай және ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы бағалады. Қазылар алқасы алдын ала жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде, шиелілік Б.Ержігіт пен аралдық А.Қыстаубаевтың мүшәйраға қатысуын шектеді. Себебі, аталған екі ақын даңқты батырды ұлықтау мақсатында биылғы жылдың мамыр айында өткізілген облыстық жазба ақындар мүшәйрасына ұсынған өлеңдерін тағы да ұсынған. Қазылар алқасы бұл дұрыс емес екенін алға тартып, батырдың ерлігін жырлауда жалқаулық таныту жас ақындарға жараспайтынын атап өтті. Қалған 16 талапкер ақынның ішінде ойы мен мазмұны жағынан ереже талаптарына сәйкес келетін төрт өлең іріктелді. Нәтижесінде, қызылордалық ақын Назгүл Бердіқожаға бас жүлде берілді. Жүлделі І орынды сырдариялық Сұлтанбейбарыс Алматұлы еншілесе, ІІ орын жаңақорғандық Наржан Бижановқа бұйырды. Үшінші орынмен Жалағаш ауданының атынан қатысқан Гүлнәр Мырзалиева марапатталды. Жеңімпаздарға «Алғыс хат» және қаржылай сыйлық берілді.
– Даңқы батырдың есімін ұлықтау мақсатында ауданда бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Өткен жылы «Аламан айтыс» өткізіледі деп жоспарланған болатын. Бірақ, карантин талабы жұмыс жоспарымызды өзгертті. Соған сәйкес, онлайн форматта жазба ақындар мүшәйрасын өткіздік. Ақындар өз өлеңдерін жазбаша түрде ұсынды және видеоларын жолдады. Алдағы уақытта да Н.Ілиясовтың ерлігін насихаттау мақсатында тиісті жұмыстар ұйымдастырыла беретін болады, – дейді ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрбол Тұранов.
Майя ҚОЖАБАЙ
Пікір 1