Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақын рухы асқақтады

Ақын рухы асқақтады

Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен облыстық деңгейде жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Мүшәйра айтыс ақыны, әдебиет алыбы Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығына орай өткізілді.

Жыр бәйгесінің талабына сәйкес мүшәйраға жасы 18-ден асқан талапкерлер қатысты. Қызылорда қаласы мен аудандарды қоса есептегенде қазы­лар алқасының қарауына 15 ақын­ның шығармасы келіп түсті. Білікті мамандардан құралған қазылар алқасы ақындардың өлеңдерін онлайн режимде қашықтан бағалады.

– Төтенше жағдай талаптары алдын ала жоспар­ланған көп жұмыстарға тосқауыл болғаны жасырын емес. Мысалы, мәдени-көпшілік іс-шараларды өт­­кізуге уақытша шектеу қойылды. Былтыр аудан әкімінің халықпен есепті кез­десуінде әдебиет алыбы Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығына орай айтыс өткізілетіні айтылған болатын. Бірақ, карантин талабына орай халықты жинап, кең залда айтыс өткізуге рұқсат етілмеді. Осыған орай қолда бар мүмкіндіктер негізінде онлайн режимде жазба ақындар мүшәйрасын өткіздік, – дейді Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің басшысы М.Әбсадықов.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Жас толқын» жас ақындар клубының жетекшісі Ғ.Кәдірбай лайықты деп та­нылды. Жүлделі бірінші орынды қызылордалық А.Сайлауов пен Ж.Бақытәліұлы ен­ші­лесе, екін­ші орын қармақшылық С.Әділбек пен шиелілік Т.Күзембаевқа берілді. Ал, үшінші орын тұғы­рынан сырдариялық М.Мансұров пен аралдық Қ.Құлекешов көрінді. Қалған талапкер­лер ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға «Алғыс хат» пен қаржылай сыйлықтар берілді. Атап өту керек, облыстық мүшәйраның өз дең­гейінде өтуіне аудандық мәслихат де­путаты С.Сұлтанов төрағалық ететін «Мәді Қажы» серіктестігі де демеушілік көрсеткен. Жалпы, мүшәйра аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, ауыл әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

31 қазан 2020 ж. 540 0