Елбасы – ел тірегі
«1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай аудандық мәдениет үйінде «Елбасы – ел тірегі» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі М.Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов бастаған жергілікті атқарушы, уәкілді орган өкілдері, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты қатысты.
Мерекелік іс-шарада лэд экран арқылы Елбасының Тәуелсіз Қазақстан елінің негізін қалауда сіңірген өлшеусіз еңбегінен сыр шертетін тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Онда ерлігі дастан Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды гүлдендірудегі еңбегі, ішкі-сыртқы саясаттағы көрегендігі, көшбасшылық қасиеті, жаңа Астананы құрудағы бастамасы көпшілік назарына ұсынылды. Мұнан соң мерекелік салтанатта Мемлекеттік Ту енгізіліп, Гимн орындалды.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімі М.Ергешбаев сырдариялықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз егемендікке қол жеткізіп, аз уақыттың ішінде көптеген толымды табыстарға кенелді. Қазақстан Еуразия кеңістігінде алпауыт мемлекетке айналып, еліміздің шекара шегенделді, Ата Заң қабылданды. Көк байрағымыз көкте желбіреп, ұлтымыз жаңа заманға сай өркениет жолына түсті. Ел экономикасы мен мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып, стратегиялық реформалар уақытылы жүзеге асты. Тұңғыш Президенттің ел еңсесін тіктеудегі еңбегі өз жемісін беріп, бүгінде Елбасы мен егемендік егіз ұғымға айналды. Елбасы саясаты қазіргі таңда сабақтастық негізінде Қ.Тоқаевтың басқаруымен жалғасуда. Біз көреген Көшбасшысы бар, алдыға қойған нақты мақсаты бар азат елге айналдық. Сондықтан Тұңғыш Президент күні – жалпыхалықтық мереке, – деді аудан басшысы.
Құттықтаудан кейін аудан әкімінің ықылас гүлі ортаға қойылып, аудан көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, сала үздіктері «Алғыс хатпен» марапатталды. Салтанатты жиын барысында «Ел құрметі» қорының шешімімен бірқатар азаматқа марапаттар табысталды. Іс-шара соңы патриоттық көріністермен, әсем әндермен түйінделді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ