Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА ЕГІЗ ҰҒЫМ

ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА ЕГІЗ ҰҒЫМ


«1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасарлары Б.Өтегенова, Б.Лекеров, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты жиында Мемлекеттік Әнұран орындалды. Мерекелік шараның шымылдығы «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» прологы­мен түрілді. Онда аудандық мәдениет үйі­нің көркемөнерпаздары еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық ша­ғы­­нан көрініс қойды. Көріністе Әбіш пен Әлжан­ның отбасында шекесі торсықтай ұлдың дү­ниеге келіп, оған «Нұрсұлтан» есімінің қойы­луы, болашақ ел басқаратын сәбидің өмірге келуіне ел-халықтың қуанышы назарға ұсынылды.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова сырдариялықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Бұл мереке – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын ерекше күн. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен келеді. Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елі сүйген Елбасы барша қазақстандық мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан зор құрметке ие болған кемеңгер тұлға. Тәуелсіздікті тұғырына қондырған, елді ерлікке жет­кіз­ген Ұлт Көшбасшысы 1 желтоқсанда ел тізгінін ұста­ды. Осы күні президенттік институтқа қадам бастық. Тұңғыш Президенттің бастамала­ры­на қолдау жасай отырып, еліміз көп биік­ті бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елде­рі арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің, көреген жасампаздығының жемісі, - деген Балшекер Сұлтанбекқызы мерекелік салтанатта жұмыста жетістікке жеткен сырдариялықтарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және «Құттықтау хатпен» марапаттады.
Құттықтаудан кейін аудан әкімінің ықылас гүлі ортаға қойылып, аудан өнерпаздары, «Сырдария» квартеті әннен шашу шашты.

Е.БЕРКІНБАЕВ
05 желтоқсан 2017 ж. 1 312 0