Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Арайлы азаттық – қазаққа ғажап құт

Арайлы азаттық – қазаққа ғажап құт


Азаттықтың арайлы ақ таңы «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне» орай аудандық мәдениет үйінде «Қазақты әлем таныды» тақырыбында мерекелік салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Ғ.Қазантаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан прокуроры А.Тәженов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, аудан әкімінің орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты. Мерекелік шараны атқарушы билік өкілдерімен бірге облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетов, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары тамашалады.
Салтанатты шара желтоқсанда азаттық үшін тайталасқан жастардың жанкештілігін, егемендік алғаннан кейінгі тату халықтың бірлігін суреттейтін көріністен бастау алып, Ибрагим Ескендірдің «Аманат» әнін әнші О.Кеңесбаев шырқады. Мұнан соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сахнаға енгізіліп, Мемлекеттік Гимн орындалды. Іс-шарада мемлекеттік қызметшілер өз қызметіне адал болуға салтанатты түрде ант берді.
Тұғырлы Тәуелсіздік күнімен сырдариялықтарды аудан әкімі Ғ.Қазантаев құттықтап, азаттықтың 26 жылында жеткен жетістіктерге тоқталды.
– Бүгін ата-бабаларымыздың жүздеген жылдар бойғы арман-тілегі ақиқатқа айналған, ғасырлар тоғысында бой көтерген Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты мерекесі. Баршаңызды еліміздің осынау ең ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген бақыты, ата-бабаларымыздың аманаты. Біз бүгінге дейін жеткен барлық жетістіктерімізге егемендіктің арқасында жеттік. Ел Тәуелсіздігі кезеңінде халықтың әл-ауқатын көтерді. Төл мәдениетімізді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету салалары да жаңа сипаттағы қарқынмен дамып келеді, - деген Ғанибек Қонысбекұлы осы жылдардағы аудан жетістіктерін де тізбектеді. Құттықтаудан кейін аудан басшысы жыл бойы үздік нәтиже көрсетіп, аудан дамуына үлес қосқан сала қызметкерлеріне облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» табыстады. Мұнан кейін сахнаға аудан әкімінің ықылас гүлі қойылды.
Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған арайлы күнге арналған мерекелік шарада аудан көркемөнерпаздары патриоттық әндерді шырқады. Аудандағы «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық оркестр қазақ күйлерін орындап, олардың сүйемелдеуімен «Елім менің» әні айтылды. Азаттықтың айбынды мерекесі Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Е.БЕРКІНБАЕВ
15 желтоқсан 2017 ж. 1 245 0