ЕЛБАСЫ МЕН ЕЛОРДА ЕГІЗ ҰҒЫМ
«1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасарлары Б.Өтегенова, Б.Лекеров, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты жиында Мемлекеттік Әнұран орындалды. Мерекелік шараның шымылдығы «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» прологымен түрілді. Онда аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағынан көрініс қойды. Көріністе Әбіш пен Әлжанның отбасында шекесі торсықтай ұлдың дүниеге келіп, оған «Нұрсұлтан» есімінің қойылуы, болашақ ел басқаратын сәбидің өмірге келуіне ел-халықтың қуанышы назарға ұсынылды.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова сырдариялықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Бұл мереке – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын ерекше күн. Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен келеді. Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елі сүйген Елбасы барша қазақстандық мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан зор құрметке ие болған кемеңгер тұлға. Тәуелсіздікті тұғырына қондырған, елді ерлікке жеткізген Ұлт Көшбасшысы 1 желтоқсанда ел тізгінін ұстады. Осы күні президенттік институтқа қадам бастық. Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биікті бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің, көреген жасампаздығының жемісі, - деген Балшекер Сұлтанбекқызы мерекелік салтанатта жұмыста жетістікке жеткен сырдариялықтарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және «Құттықтау хатпен» марапаттады.
Құттықтаудан кейін аудан әкімінің ықылас гүлі ортаға қойылып, аудан өнерпаздары, «Сырдария» квартеті әннен шашу шашты.
Е.БЕРКІНБАЕВ