Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттің беделі – мемлекеттік қызметшінің абыройы

Мемлекеттің беделі – мемлекеттік қызметшінің абыройы

Бүгін Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Мемлекеттің беделі – мемлекеттік қызметшінің абыройы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік салтанатта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Мемлекеттік Гимн орындалды. Іс-шарада мемлекеттік қызметке қабылданған мамандар ел мүддесі жолында аянбай еңбек етуге салтанатты түрде ант берді.

Халыққа қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мерекемен құттықтады.

– Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметте жаңа кадрлардың, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл қызметкерлердің елге қызмет етуде құлшынысы артып, жауапкершілігі нығая түседі. Ауданда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшінің беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер жұмыста қарапайым, өмірде өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан ел үшін қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, зор абырой, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Карантиндік талаптар сақталған салтанатты іс-шарада бірқатар мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің арнайы дипломымен марапатталады.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
23 маусым 2021 ж. 883 0