Басылымның бас редакторлары
Қаламды қару еткен қаламгерлер арасында «Газеттің өзі – бір күндік, ал сөзі мың күндік» деген тәмсіл бар. Иә, елді жаңалықтармен жаршылап, нақты ақпаратқа қанықтыратын басылым беттері қанша сарғайғанымен ол шежіре, тарихи құжат болып қала бермек. Бұл ретте, 80 жылдан аса тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газеті осы уақыт аралығында аудан өмірімен біте қайнасып, бүгін міне 8888 нөмірі жарыққа шығып отыр. Бұл уақыт ішінде газет шығаруда қаншама қаламгерлердің қолтаңбалары қалды десеңізші?! Аудан айнасы саналған басылымның сонау алғашқы санынан замана көшінен қалмай, ақпарат айдынында өзіндік орнын қалыптастыруға бас редакторлардың сіңірген еңбегі зор. Төрт сегіздік қатар келген санда осы газетті басқарған бас редакторлар туралы сөз қозғамақпыз.
1938 жылы қайтадан аудан мәртебесін алған Тереңөзек ауданының газеті «Сталин жолы» деп аталды. Аудандық партия комитетінің және Қазақ Советі президиумының Тереңөзек аудандық ұйымдастыру комитетінің органы болып, 1939 жылдың басынан есептелгенімен газеттің алғашқы саны (№1) 26 наурызда жарық көрді. Осы тұста, ең алғашқы бас редактор жөнінде газетті басқарған, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тынышбек Дайрабай нақты ақпарат берді.
– «Газеттің алғашқы редакторы кім болды?» дегенге келсек, нақты қолын қойып, есімі жазылған Серғазы Абдуллаевты айтамыз. Алайда, кейбір баспасөз деректерінде (архивтік құжатта Т.Д.) Айтмағамбет Жалмұханбетовты 1937 жылы Тереңөзек ауданының газет редакторы болып қызмет атқарған тұста «Халық жауы» ретінде ұсталып, Ресей жеріне айдалып, ақыры сол жақта қайтыс болған деп келтіріледі. Бұл деректі былай түйіндеуге болады. «1929 жылдың шілде айында Қызылорда округтік «Сыр бойы» газеті шыға бастаған. «Сыр бойы» Қызылорда округінің партия Кеңес комитетімен кәсіподақ ұйымының және Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Аламесек, Қарсақбай аудандарының да органы болып табылған. Міне, сол тұста А.Жалмұханбетов «Сыр бойынан» Тереңөзек ауданына бөлінген редактор-тілші болған» деп есептеймін. Сонымен «Сталин жолы» газетінің 1940 жылдың №1 (57) санында (1 қаңтар) жауапты редактор С.Абдуллаев, кейіннен жауапты редактордың міндетін атқарушы болып Мәулен Меңдіғараев, кей кездері Дүйсен Жұқабаев та қол қойған. Бұл азаматтар 1940 жылы аудандық партия комитетінің қызметкерлері болған, – дейді қарымды қаламгер.
Аудандық газеттің алғашқы қалыптасу кезеңі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Сол шақтарда жауапкершілігі мол жауапты редактор қызметінде Б.Уызбаев, А.Тортаевтар болған. Атап айтқанда, 1940 жылдың шілде айынан бастап Б.Уызбаев болса, 1941 жылғы 8 қазандағы санына жауапты редактор болып А.Тортаев қол қойған. Ал сұрапыл соғыс Кеңес әскерлерінің Жеңісімен аяқталған жылы Тереңөзек аудандық газетінің редакторы ретінде Әбілда Құрманаев қызмет атқарса, келер жылдың 5 желтоқсанынан бастап Смайыл Ақжігітов басылымды басқарған.
Өзінің алғашқы санынан колхоз құрылысының жемісін насихаттаудан бастаған газет соғыс жылдарындағы, одан кейінгі кезең тудырған түрлі жағдайларды, тың игеру жұмыстарын үзбей жариялап отырды. Жалпы, XX ғасырдың 50-60 жылдар ішінде газеттің аудан халқын жаңалықтармен сусындату ісінде елеулі еңбек етіп, бас редактор қызметін атқарғандар қатарында Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаевтардың есімін атауға болады. Ал газеттің «Еңбек майданы» кезінде 1958 жылдың басынан Жұмағали Елеуов редактор болып, үздіксіз он жыл басқарып, басылым жұмысын жандандырған.
Газеттің бас редакторлары туралы айтқанда Болатбек Аманбаев (1967-1970), Смағұл Маханбетов (1971-1974), Ізхан Досмағамбетов (1974-1978), Абызбай Маханбетов (1979-1986) есімдерін ерекше атау керек. Өйткені, ол кезеңдерде газеттің барлық жұмысы қазіргідей компьютермен, заманауи технологиялармен атқарылған жоқ. Басылым материалдарының әрбір әрпі қолмен теріліп, «Линотип» құрылғысымен жұмыс жасалды. Міне, осындай шақта қиындығы мол жұмысты аталған бас редакторлар бастаған редакция ұжымы абыроймен атқара білген.
Ел егемендігі жарияланған жылы газет тізгінін Қуаныш Татанов қолға алды. Ал одан кейінгі уақытта Тынышбек Дайрабаев, Келдібай Уәйісов, Тұрғанбай Болғанбаев, Асқар Кіребаев, Нұрлыбек Ғизатовтар тарихы кемелденген басылымды басқарып, азаттыққа қол жеткізгеннен кейінгі халық өмірін, жетістіктер мен ел мұңын назардан тыс қалдырған жоқ. Ал еңбек жолын аудандық газетте корректор болып бастаған Сәуле Ерімбет ХХІ ғасырдың бас кезінде, яғни 2001 жылдың ақпан айында бас редактор болып тағайындалды. Аудан үнжариясындағы 40 жылдан аса уақыт қызметінің үздіксіз 18 жылында редакцияны басқарып, аудан баспасөзін дамытуда елеулі еңбектер атқарды. Қарымды қаламгер, білікті журналистер қалыптастырып, даму белестерінен өткен басылымда бүгінде Ақтөре Ибрагимұлы – бас редактор.
Жалпы, қай сала болмасын барлық жұмыс бірінші басшыға байланысты екені анық. Міне, ауданның баспасөз саласын қалыптастыруда жоғарыда атап өткен бас редакторлардың елге атқарған қызметі, елеулі еңбектері өлшеусіз. Сондықтан аудандық газетті беделді басылымға айналдырған бас редакторларға кейінгі толқынның құрметі шексіз!
Е.БЕРКІНБАЕВ