Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Дәуір көшті...

Жаңа ғана суыт хабар алдық. Аудан жұртшылығы үшін қайғылы хабарды естіп, парасаттылықтықтың, дегдарлықтықтың, тектіліктің, қарапайымдылықтың эталонындай болған ақылман ақсақал, қоғам қайраткері, ел ағасы, қадірлі қария Хайролла Әбенұлы көкеміздің жарық дүниедегі нәсіпті күні таусылғанына сенер-сенбесімізді білмей мұңайып отырмыз. Тұтас бір дәуір көшіп кеткендей әсердеміз.

Өмірі өнегеге, ғұмыры ғибратқа толы тағылымды тағдыр иесі Хайролла Әбенұлы қай дүниені болмасын ақыл-парасаттың биік тұрғысынан қарап, әрбір істе ұлттың ұпайын түгендеп, ұрпақ болашағы үшін алаңдап, қазақы қалпымыздың сақталуына аса мән беріп, мемлекет дамуының мазмұнын ұдайы назарында ұстап отыратын данагөй данышпанымыз еді.

Біз Хайролла Әбенұлын ес білгеннен біледі екенбіз. Ол кісі өзінің еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, ауданның білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Кейіннен партия қызметтерінде болып, өңірдің дамуына айрықша үлесін қосты. Қонысбек Қазантаев, Сейілбек Шаухаманов, Абызбай Маханбетов, Елеу Көшербаев, Нәлхожа Ергешбаев секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге еңбек етті. 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

Тағылымды тағдыр иесі Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде аудандағы бекем бірлік пен тату тірлікті қамтамасыз ету, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстардың барлығының басы-қасынан табылып, жергілікті атқарушы билікке көп қолдау көрсетті. Өмірлік мол тәжірибесі, ағалық ақыл-кеңесі жергілікті әкімдіктердің жұмысының алға жылжуына тікелей әсер етті. Құрметті қария өзінің ақыл-парасатымен, білімімен, қайраткерлік қарым-қабілетімен абырой биігіне көтерілді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды, бірнеше орден-медальдармен марапатталып, жұртшылыққа ақ батасын арнап, қадірлі қария, ақылшы аға атанды.

Сөз бастаса шешен, іс бастаса көсем, өмір жолы өнегеге толы тұлға ел Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Сыр өңірінің, оның ішінде Сырдария ауданының өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосты. Елбасының, Президенттің, облыс әкімдерінің өңірге, ауданға жасаған ресми сапарларында орнықты ой, пайымды пікір айтып, халық алғысын жеткізді. Ауданды басқарған әкімдердің бәріне ақылшы ұстаз, жанашыр аға бола білді. Ғұмыры ғибаратқа толы Хайролла Әбенұлының жүріп өткен жолы, атқарған қызметтері, қажырлы еңбектері, өмірлік ұстанымдары, тіпті сөз саптауына дейін тұнып тұрған ғанибет, шежіре еді. Есімі Сыр жұртшылығына белгілі ақсақал қайраткер-тұлға, ел ағасы, абыз ақсақал атанды.

Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының атынан марқұмның ағайын-туыстарының, ұрпақтарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Алдыңыз жарық, иманыңыз кәміл, топырағыңыз торқа, орныңыз жұмақтан болсын!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
07 қыркүйек 2021 ж. 403 0