Мәртебелі мамандық иелерінің мерейлі шағы
Апта ағымында аудан көлемінде ұстаздардың кәсіби мерекесі ауқымды түрде аталып өтілді. Бұл ретте аудандық мәдениет үйінде «Ұстазым – ұлағатым» тақырыбында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Ұстаздарды ұлықтауға арналған іс-шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев білім саласы қызметкерлері мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
– Шәкірттің бойына ұлттық құндылықтың нәрін сеуіп, тәуелсіздігі мен бірлігі мызғымайтын еліміздің айтулы азаматын қалыптастырып өсіру – мұғалімдердің мәртебелі міндеті. Аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерде 1244 мұғалім білім беретін болса, оның 1231-і жоғары білімді мамандар. Біліктілігіне байланысты 288 педагог-зерттеуші, 473 педагог-сарапшы, 288 педагог-модератор санатындағы мұғалімдер. Ұлағатты ұстаздарымыз ауданның өскелең ұрпақтарын тәрбиелеу жолында қажымай еңбек етіп, шәкірттері биік тұғырлардан көрініп, ауданымыздың мерейін асқақтатуда. Ұстаздардың кәсіби шеберліктерін нығайтуға, біліктіліктерін арттыруға тұрақты жағдай жасалуда. Жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы білім саласына бөлінеді. Білім сапасының жоғары деңгейде болуы аса маңызды, – деді аудан басшысы.
Жыл көлемінде жоғарғы жетістікке қол жеткізіп, шәкірт тәрбиелеуде озық тәжірибесімен танылған мұғалімдер марапат төрінен көрінді. Мәселен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің директоры Бақытжан Бақбергенова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» №139 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, география және биология пәнінің мұғалімі Аманкүл Оспанова марапатталды. Сонымен бірге, бірнеше педагог облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың және аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Алғыс хатына» ие болды. Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасына» тәжірибелі ұстаздар қол жеткізді.
Ауданда 17 білім ошағы өзара бәсекеге қабілетті, озық тәжірибелі заманауи мектеп болуға ұмтылып келеді. Биыл барлық жағынан оқ бойы озып шыққан білім беру мекемелеріне арнайы номинация табысталды. «Үздік білім беру ұйымы» номинациясымен Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицей ұжымы, «Үздік жаңашыл мектеп» номинациясымен Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектеп ұжымы, «Білім бәйтерегі» номинациясымен №137 орта мектеп ұжымы марапатталды. Жаңашыл білім ошақтарына бағалы сыйлық берілді.
Іс-шара барысында мәртебелі мамандық иелеріне арналған аудан әкімінің ықылас гүлі сахнаға қойылды. Аудан өнерпаздары құрметті ұстаздарға арнап әннен шашу шашып, би биледі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ