Төтенше жағдайдың алдын алу – қауіпсіздік кепілі
Сырдария аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою комиссиясының кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына тиісті мекеме және азаматтық қорғау қызметінің басшылары қатысып, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай төрағалық етті.
Алдымен, күн тәртібі бойынша аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Омаров радиацияға қарсы паналау (подвал) орындарын қажетті заттармен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету туралы хабарлама жасады.
Аталған мәселе бойынша комиссия төрағасы есепке алынған радиацияға қарсы паналау (подвал) орындары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы №1357 қаулысымен бекітілген азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларының талабына сәйкес тиісті сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуге байланысты тапсырма берді. Сондай-ақ, радиацияға қарсы паналау орындарын желдеткіш, сумен жабдықтау мен кәріз, қорғаныш құрылысын электрмен жабдықтау, инженерлік-техникалық және арнайы жабдықтарымен қамтамасыз ету үшін ұсыныстар енгізу қажеттігі айтылды.
Екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров 2021-2022 жылдар аралығындағы жылу беру кезеңінде өмір сүру нысандары, денсаулық сақтау және білім саласына қарасты ғимараттарының жылумен қамтамасыз ету көздері қорларының жағдайы туралы баяндады.
Бүгінгі күнге аудан бойынша 80 әлеуметтік нысандар бар. Оның 20-ы білім беру саласы, 7-і балабақша, 17-і денсаулық сақтау саласы, 26-ы мәдениет және спорт нысандары.
Нысандардың 39-ы сұйық отынмен, 34-і қатты отынмен, 7-і табиғи газбен жылытылады.
– Аудан бойынша әлеуметтік нысандарға қажетті 2212 тонна сұйық және 3672 тонна қатты отын сатып алуға облыстық және аудандық бюджеттен 444,0 млн теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін қажетті отын қоры 921,6 тонна сұйық және 1530 тонна қатты отын қажет. Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандарда нақты қоймада 86,5 тонна сұйық және 334 тонна қатты отын қоры бар. Жылу беру маусымына дайындық паспорттарын беру мемлекеттік қызметі бойынша өтінімдер «е-gov» порталы арқылы 2021 жылдың 16 тамызынан бастап қабылдануда. Бүгінгі күнге 49 әлеуметтік нысанға дайындық паспорттары берілді.Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарды газға лайықтандыру мақсатында кенттегі 3 балабақшаға, №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектепке, орталық кітапхана, кент клубына жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржыландырылуға ұсынылған, – деді бөлім басшысы.
Айту керек, қазіргі кезде Тереңөзек кентінде 725 үй табиғи газға қосылса, 12 мекеме мен 5 кәсіпкерлік нысандар газ игілігін көруде.
Комиссия қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, аудан бойынша көпбалалы және жалғызбасты ата-аналар, мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрғын үйлеріне көмір-қышқыл газын анықтайтын құрылғылар орнату жұмыстарын ұйымдастыруды бөлім басшысына міндеттелді. Сонымен қатар, жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында аудан тұрғындарына профилактикалық жұмыстар күшейтуге байланысты нақты тапсырма жүктелді.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ