Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз жаумен күрес тоқтамайды

Тілсіз жаумен күрес тоқтамайды

Аудан әкімдігінде Сырдария аудандық төтенше жағдай­лардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров төрағалық етіп, тиісті бөлім және мекеме басшылары хабарлама жасады. Ауыл әкімдері скайп байланысы арқылы қосылған жиын барысында 2 мәселе қаралды.
Ең алдымен орман және дала өрттері бойынша атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер сараланды. Бұл туралы жергілікті атқарушы органдармен атқарылған жұмыс нәтижелері жайында аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Ә.Рахымжанов хабарлама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінде аталған мекемеге қарасты 236 549 гектар орман қорына 47 адам жауапты. Мекеме қызметкерлерінің міндетіне аудан аумағында жерлерді қорғау, молайту, тиімді пайдаланумен қатар, орман өртінің алдын алу кіреді. Сондай-ақ мекеме тарапынан өртке қарсы құрал-саймандар қоры жасақталып, тілсіз жаумен күрес күшейтілген.
Өз кезегінде «Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері құрылмаған елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру бойынша жергілікті атқарушы органдармен атқарылған жұмыс нәти­же­лері туралы» аудан әкімдігі аппа­ра­тының жұмылдыру дайындығы және ау­мақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қ.Қуандықов хабарлама жасады. Ол ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Шаған елді меккендерінде атқарылып жатқан жұмыс жөнінде ақпарат берді. Кейбір өрт сөндіру бекеттерінің негізгі материалдық жағдайлары көңіл көншіт­пейтінін мәлім етті.
Суға түсу маусымы кезеңінде сақтық шарасын күшейту маңызды. Азамат­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда арнайы іс-жос­пары бекітілген. Коммуналдық жаға­жайлар ашып, су айдындарына түсу қағидаларын жүзеге асыру жос­парда бар. Балалардың суға түсу кезінде ескермейтін негізігі ережелер бойынша оқушыларға онлайн сабақ өткізілген. Бұл туралы күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А.Оразбеков айтты. Бөлім басшысы жазғы кезеңде ауданның су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары және коммуналдық жағажайлар ашу жөнінде 2020 жылғы 25 ақпанда өткізілген төтенше жағдайлардын алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы барысына тоқталды.
Комиссия отырысы қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров ауыл әкімдірі мен тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Сонымен бірге тілсіз жаумен күресте салғырттыққа бой алдырмау керектігі ескертілді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
09 маусым 2020 ж. 750 0