Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округінің даму жоспары талқыланды
Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округінің даму жоспарын талқылау мақсатында жиналыс өтті. Жиналыста Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округі әкімдерінің даму жоспары бойынша есебі тыңдалды.
Аудан әкімі М.Ергешбаев Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округінің экономикалық белсенді халық санын арттырып, жұмыссыздық мәселесін шешу ауыл әкімдеріне қойылған басты талап екенін атап өтті. Осыған орай жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарына басымдық беру керектігіне назар аударып, жыл аяғына дейін жұмыссыздық деңгейін төмендету күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
Бесарық ауылдық округінің әкімі Д.Сәрсенбаевтың айтуынша, аталған елді мекенде экономикалық белсенді халық саны 2348 адамды құраса, 30 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Қазіргі таңда жұмыссыз азаматтардың 7-і тұрақты жұмысқа орналасса, 17-і ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген және бір азамат жастар тәжірбиесі арқылы еңбек етуге мүмкіндік алған. Елді мекенде 237 кәсіпкерлік субьектісі болса, оның ішінде 54 жеке кәсіпкер, 177 шаруа қожалығы, 4 СТК, 2 ЖШС. Кәсіпкерлердің жалпы саны халық санындағы үлесі 9,8 пайызды құрайды. Тіркелген 232 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр, 5 кәсіпкер субъектісі жұмыстарын уақытша тоқтатқан. Белсенділік көрсеткіші-97,9 пайыз. 2021 жылы 14 кәсіпкер жаңадан тіркелсе, өз кәсіптерін жапқан кәсіпкерлер жоқ.
Ауылдық округ кәсіпкерлерінің мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуы қарқынды деңгейде дамып келеді. Кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2021 жылдың 7 айында құны 156,8 млн. теңгені құрайтын 40 жоба қаржыландырылды, оның ішінде несие бойынша 151,6 млн. теңгеге 31 жоба; грант бойынша 5,2 млн. теңгеге 9 жоба.
Кент бойынша 811 кәсіпкерлік субьектісі бар, оның ішінде 530 жеке кәсіпкер, 210 шаруа қожалығы, 71 заңды тұлға. Кәсіпкерлердің жалпы халық санындағы үлесі 7,1 пайызды құрайды. Тіркелгендерден 757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр, 54 кәсіпкерлік субъектісі жұмыстарын уақытша тоқтатқан. Белсенділік көрсеткіші – 93,3 пайыз.Кент кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2021 жылдың 7 айында құны 483,4 млн. теңгені құрайтын 113 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша құны 50,2 млн. теңгенің 11 жобасы несилендірілді. Олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау, монша ашу, қажетті техникаларды алу секілді жобаларды қамтиды.
Осы бағдарламаның екінші бағыты аясында Стартап жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 42 адамға 583 400 теңгеден 24,5 млн.теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Несиелендіруге байланысты 3 жоба 12,6 млн. теңгеге қаржыландырылды. «Бастау-Бизнес» жобасымен 65 адам оқу курстарына жолданып, 60 аяқтады. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден 49 кәсіпкерлік субъектісі 292,3 млн.теңге несие алып, жұмыстарын жасауда. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы 5 кәсіпкерлік субъектісі 27,0 млн.теңге несие алды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы аудандағы 6 шаруа қожалығы құны 89,4 млн. теңгеге ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынды.
Аудан әкімі Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округі әкімідерінің есебін тыңдап, жауапты бөлім басшыларына тыңдалған даму жоспарларын қайта қарауды тапсырды. Мысалы, Бесарық елді мекеніндегі жұмыссыз жүрген адамдарды «Абай-Даулет» ЖШС-ның жем зауытына, ет бордақылау цехына және түйе шаруашылығына тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Ал кенттегі кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеу, жылыжай, бау-бақша өнімдерін өсіруге қолдау көрсету керек. Осы мақсатта аудан әкімі орынбасарларына Тереңөзек кенті мен Бесарық ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуын бақылауда ұстау тапсырылды. Жиналыс қорытындысы бойынша бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берілді.